XXV Жазғы Сурдлимпиадаға Қазақстан атынан 79 спортшы қатысады

0
101

Қазақстанның ұлттық құрамасы XXV Жазғы Сурдлимпиадаға дайындықтың шешуші кезеңінде. Біздің сурдоспортшылар ел абыройын халықаралық аренада абыроймен қорғап келеді.


XXV Жазғы Сурдлимпиадаға Қазақстан атынан 79 спортшы қатысады

ERNUR.KZ. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан спортшылары сегіз Сурдлимпиадада 42 медаль жеңіп алды, оның ішінде 8 алтын, 8 күміс және 26 қола медаль бар. Бұл жайында ҚР Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті Серік Сәпиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.

Мәселен, 2022 жылы Бразилияда өткен ойындарда ұлттық құрама 29 медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 13-орынға ие болды.

«Сурдлимпиада – бұл күш пен сенімнің тіліне айналған ерекше кеңістік. Әрбір қимыл – ерік-жігердің, әрбір старт – теңдікке жасалған қадамның көрінісі. Қазақстан бұл қозғалыстың ажырамас бөлігі ретінде спорт арқылы адамдарды біріктіріп, жаңа белестерге жетуге ұмтылуда. Бүгінгі Қазақстан – мүмкіндігі тең ел. Сурдлимпиада – біздің қоғамымыздың айнасы, онда еңбек, ерік және адамдық қадір-қасиет бағаланады. Біздің спортшылар ел намысын лайықты қорғап, Токиода жаңа жеңістерге жететініне сенімдімін», – деді спикер.

Ал, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басқарма басшысы Марат Қасқырбаевтың айтуынша, биылғы додада ел намысын 79 спортшы қорғайды. Олар дзюдо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, жүзу және тхэквондо сынды спорт түрлерінен бағын сынайды. Осы уақытқа дейін Министрлік сурдоспортшылар үшін 21 оқу-жаттығу ұйымдастырды. Олардың 5-і шетелде, қалғаны Қазақстан аумағында өтті.