​Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі мүмкін

0
126

Тимур Сүлейменов проинфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанын атап өтті.


​Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі мүмкін

Фото: Ұлттық банк

ERNUR.KZ. Инфляцияның тұрақты баяулауы және жаңа күйзелістердің болмауы жағдайында реттеуші базалық мөлшерлемені төмендету мәселесін қарастыруы мүмкін. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты, деп жазады inform.kz.

Ведомство деректеріне сәйкес, наурыз айында жылдық инфляция 11% деңгейінде қалыптасты.

– Қазіргі кезеңде базалық мөлшерлемені төмендету үшін жеткілікті кеңістік әлі қалыптасқан жоқ. Негізгі шарт — баға реформаларының қайта жандану аясында инфляцияның болжамды траектория деңгейінде немесе одан төмен тұрақты баяулауы. Осындай жағдайда комитет алдағы шешімдер шеңберінде мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады, - деді ол Ұлттық банктегі брифингіде.
Сонымен қатар Тимур Сүлейменов проинфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанын атап өтті. Олардың қатарында инфляциялық күтулердің жоғары болуы, салық реформасының ықтимал әсері, тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің және жанар-жағармай бағасының өсуі, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор арқылы ынталандыру параметрлері бар.
Қосымша қысымды сыртқы факторлар да күшейтіп отыр. Атап айтқанда, геосаяси шиеленіс, мұнай бағасының құбылмалылығы және сыртқы баға конъюнктурасының өзгеруі әсер етуде.
– Инфляцияның орнықты құрамдас бөліктері мен инфляциялық күтулер жоғары деңгейде қалып отыр. Тәуекелдер балансы әлі де проинфляциялық бағытқа ығысқан. Ішкі және сыртқы факторлардың сақталып отырған ықпалы шешім қабылдауда байыпты әрі сақтықпен қарауды талап етеді. Инфляция тұрақты түрде төмендеп, жаңа күйзелістер болмаған жағдайда, алдағы отырыстарда базалық мөлшерлемені кезең-кезеңімен төмендету мүмкіндігін қарастырамыз, - деді Ұлттық банк төрағасы.