Техноқала – озық технология, ғылым, университеттер мен бизнес шоғырланатын ерекше мәртебесі бар болашақ қала.
© Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Қазақстандағы тұңғыш ғылыми қалашық – Техноқала тұжырымдамасы талқыланды, деп жазады sputnik.kz.
Жобаны жұмыс тобының жетекшісі, профессор Жақсыбек Құлекеев таныстырды.
Техноқала – озық технология, ғылым, университеттер мен бизнес шоғырланатын ерекше мәртебесі бар болашақ қала.
Негізгі мақсаты – басты назар қолданбалы әсер мен коммерциялық қайтарымына аударылатын, қысқа мерзімде өндірістегі ғылымды қажет ететін әзірлемелерді жасап, енгізу. Бұл ретте жаңа энергетика мен энергия үнемдеуге, биотехнология мен азық-түлік қауіпсіздігіне, жаңа ақпараттық технологиялар және ЖИ-ді дамытуға мән беріледі.
Техноқаланы жүзеге асырудың бірінші кезеңінде Алматы облысының аумағында Алматыға жақын жерде 500 га алаңда орналастыру ұсынылады.
Орын "Инновациялық технологиялар паркі" мен "Алатау" АЭА, ядролық физика институтының жанында орналасуы ескеріле отырып таңдалды. Аумақтың шамамен 30%-ы университеттерге, ҒЗИ-ға және технопаркке бөлініп, олар кадр даярлау мен жаңа әзірлемелер жасауға негіз болмақ.
Тұжырымдаманы дайындау шеңберінде халықаралық тәжірибе зерттелді. Мысалы, Жапонияда "Сукуба" технополисі Токиодан 56 шақырым жерде орналасқан. Онда 45-тен астам жоғары технологиялық компания бар. Ғылыми сүйемелдеуді 20 мемлекеттік және 40 корпоративтік институт, 2 университет, 13 мыңнан астам зерттеуші жүргізеді. Мұнда ғарыштық технология, медицина, биотехнология мен материалтану саласы әзірлемелері жүргізіледі. ҚХР-да Бейжің маңында Z-Park жоғары технологиялар ерекше аймағы жұмыс істейді. 488 шақырым аумақта 23 мыңға жуық компания бар. Бір миллионға жуық адам жұмыс істейді. Кадр даярлау Бейжің Цинхуа университетінде жүргізіледі. Ғылыми қолдауды 200 институт қамтамасыз етеді. Мұнда ақпараттық технология, жасанды интеллект; заттар интернеті, электроника, биомедицина, интеллектуалды өндіріс және басқа да салалар дамытылады.
"Ғылым қолданбалы болуы керек. Біз Қазақстанда алғаш рет ғылыми қалашық құрып жатырмыз. Біз жаңалық жасап жатқан жоқпыз. Әлемде сәтті мысалдар бар. Ең бастысы – бизнестің қайсысымен айналысатынымызды бірден анықтап алу. Ғылымға кім міндет қояды. Бізге жүзеге асыруды өз қолына алатын басқарушы компания қажет", — деді Серік Жұманғарин.
Басым бағыт – робототехника, электроника, медициналық техника, биотехнология, соның ішінде АӨК және тамақ өнеркәсібі, атом энергетикасы, жаңа материалдар және химия саласы. Яғни, Техноқала базасында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен әзірлемелерден бастап, өнеркәсіптік шығарылымға дейінгі толық циклі бар салалық кластерлер қалыптастырылмақ.