Исламабадтағы террорлық шабуыл салдарынан ондаған адам қаза тапты.
Фото. Akorda.kz
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадта болған террорлық акті салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты Асиф Али Зардари мен Шахбаз Шарифке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Президент жеделхатында қастандық әрекетті қатаң айыптап, қаза тапқандардың отбасына және жарақат алған азаматтардың жақындарына сабыр тіледі. Сондай-ақ Қазақстан халқы Пәкістан халқымен бірге қайғыға ортақ екенін жеткізді.
Еске салсақ, Пәкістан астанасы Исламабадта жұма намазы кезінде Хадиджа-тул-Кубра мешітінде жарылыс болды. Ел билігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде 31 адам қаза тауып, 169 адам жарақат алған. Полиция лаңкесті ғимарат кіреберісінде тоқтатпақ болған сәтте ол жарылғыш құрылғыны іске қосқан.
Исламабад комиссарының орынбасары Ирфан Мемонның мәліметінше, жараланғандар саны нақтыланып жатыр. Зардап шеккендер қаланың бірнеше ауруханасына жеткізілген. Пәкістан үкіметі қаза тапқандардың отбасына және жарақат алғандарға қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Ал елдің сыртқы істер министрі Исхак Дар бұл шабуылды ауыр қылмыс ретінде бағалады.


