Электрондық рұқсаттың жаңа формасын енгізу дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қозғалысын дәлірек бақылауды қамтамасыз етеді.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелуге арналған электрондық рұқсат формасын жаңартты. Жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді, деп жазады inform.kz.
Аудит қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп тіркелмеген дәрілік заттарды әкелуге арналған электрондық рұқсат формасын қолданыстағы әкелу және осындай рұқсаттарды беру бойынша мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкестендіру тапсырылды.
- Нәтижесінде Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен көрсетілген қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілді. Енді тіркелмеген дәрі-дәрмектерді әкелуге арналған электрондық рұқсат формасы көзделген.
27 қыркүйекте «Қазақстан Республикасында тіркелген және тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге (әкетуге) келісім және (немесе) қорытынды (рұқсат беру құжатын) беру» жаңартылған мемлекеттік қызметі енгізілді, - деп жазды палатадан..
Еlicense.kz порталында шығыс құжаттың формасы жаңартылды.
Электрондық рұқсаттың жаңа формасын енгізу дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың қозғалысын дәлірек бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік реттеудің тиімділігін және қазақстандықтар үшін қажет препараттардың қолжетімділігін арттырады.