Жоба экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге және «жасыл экономика» негіздерін елдің жоғары білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған.
Азаматтық форум шеңберінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, CCI Kazakhstan компаниясы мен «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту» Коалициясы» ЗТБ арасында «ReStart» бірлескен жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қою рәсімі өтті. Жоспардың мақсаты – экология, тұрақты даму және экологиялық білім беру саласындағы бастамаларды іске асыру үшін мемлекеттің, азаматтық қоғамның және бизнестің өзара іс-қимылының нақты платформасын құру, деп хабарлайды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Жоба экологиялық мәдениетті дамытуға, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге және «жасыл экономика» негіздерін елдің жоғары білім беру жүйесіне енгізуге бағытталған. Жоспардың негізгі міндеттерінің қатарында экологиялық білім беру және тәрбие саласындағы Жастар бастамаларын дамытуға жәрдемдесу, ЖОО базасында студенттік эко-клубтар мен ғылыми қауымдастықтарды дамыту, қалдықтарды бөлек жинау және «жасыл кампустарды» дамыту жөніндегі жобаларды іске асыру, сондай-ақ «жасыл» жобаларды ілгерілету және серіктестер мен инвесторларды тарту бар.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінен құжатқа министрліктің аппарат басшысы Мадияр Қожахмет қол қойып, жоспардың экологиялық білім беру мен жастар тәрбиесін дамытудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«ReStart» жобасы – жастардың экологиялық ойлауы мен табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін бірлесіп қалыптастырудың жарқын мысалы. Жоспарды іске асыру айтарлықтай нәтиже беретініне және Қазақстанның тұрақты болашағын дамытуға үлес қосатынына сенімдімін», – деді Мадияр Қожахмет.
Жоспар CCI Kazakhstan компаниясының он жылдық тәжірибесі мен табысты «3.2.1. Start!» жобасының жетістіктеріне негізделген. Сондай-ақ ол жоба биылғы жылы «ReStart» деп аталатын жаңа форматқа көшіп, тұрақты даму мен эко-ағартуға назар аудара отырып, пластикті бөлек жинау және қайта өңдеу мәдениетін дамытудың ең ірі экоплатформасына айналды. Тек қана 2024 жылдың өзінде қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері – ҚазМАУ, ҚБТУ, Satbayev University, ҚазҰАЗУ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ және басқалар – 17 тоннадан астам пластикалық қалдықтарды жинап, оларды жаңа бұйымдарға айналдырған.
CCI Kazakhstan компаниясының корпоративтік және реттеуші қатынастар жөніндегі директоры Әлима Исембаева жоспарға қол қою рәсімінде сөз сөйледі.
«Биыл жоба өзінің онжылдығын атап өтіп жатыр, ол дамудың жаңа кезеңімен – «ReStart» жаңартылған атауымен және ауқымды миссиясымен, студенттердің күнделікті өміріне қалдықтарды жүйелі түрде бөлек жинауды және орнықты даму қағидаттарын енгізе отырып, Қазақстанның одан да көп университеттерін қамту сынды мәселелермен сай келіп отыр. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жұмыс істеу – азаматтық қоғамның, мемлекеттің және бизнестің тиімді серіктестігі нақты нәтижелерге қалай қол жеткізетінін және экологиялық жауапты ұрпақты қалыптастыра алатынын көрсететін маңызды қадам», – деп атап өтті.
2025 жылы жобаның тоғызыншы маусымында студенттердің жалпы саны 100 мыңнан асатын 14 ЖОО қатысты. Бір жыл ішінде студенттер 35 тоннадан астам пластик жинады, бұл өткен маусымның көрсеткіштерінен асып түсті және жоба бүкіл ел бойынша 15 сенбілік өткізді.
Жобаны іске асыру жылдарында ондаған студенттік эко-клубтар құрылды, қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу бойынша көптеген бастамалар әзірленді, олардың көпшілігі университеттердің тұрақты тәжірибесіне айналды.
Атап айтқанда, Satbayev University-де пластикалық қақпақтарды жинау және оларды шағын сәулет нысандарының элементтеріне қайта өңдеу жүйесі енгізілді, ҚазҰАЗУ-да «Жасыл кампус» жобасы іске асырылды, ал М.Қозыбаев атындағы СҚУ-да студенттер қайта өңделген пластиктен жасалған кәдесый желісін дамытып жатыр.