Сот төрелігі академиясы «Құқық» бағыты бойынша докторантура бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия алды

0
102

Тұжырымдама аясында Академия қызметін кешенді жаңғырту жұмыстары басталды.


Сот төрелігі академиясы «Құқық» бағыты бойынша докторантура бағдарламасын жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия алды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы 2024 жылғы қазандағы Қазақстан судьяларының IX съезінде сөйлеген сөзінде сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет екенін айтқан. Ол Жоғары Сот Кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс екенін атап өтті. Осы міндеттерді орындау мақсатында, 2025 жылғы ақпанда Сот төрелігі академиясын 2025–2027 жылдарға даму тұжырымдамасы қабылданды. Академияның вице-ректоры Қанат Мусин ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтып өткендей, бұл стратегиялық құжатта Жоғары Сот Кеңесінің қызметінде, сот жүйесінде, процессуалдық және материалдық заңнамаларында жүргізіліп жатқан реформалар, сондай-ақ сот практикасын жетілдіруді ескере отырып, Сот төрелігі академиясын дамытудың негізгі бағыттары көрсетілген.

«Тұжырымдамада 6 стратегиялық бағыт анықталды: жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру; қосымша білім беру жүйесін дамыту; Академия қызметінің ғылыми жұмысын жандандыру; Академияның кадр саясатында жаңа тәсілдерді іске асыру; Академияның материалдық-техникалық инфрақұрылымын жақсарту; Академияның оң имиджін нығайту», – деді спикер.

Тұжырымдама аясында Академия қызметін кешенді жаңғырту жұмыстары басталды. Осы мақсатта нақты іс-шаралар жоспары әзірленді. 7 айдың ішінде Академия келесі нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытында сот практикасының сұранысын ескере отырып, бейіндік және ғылыми-педагогикалық магистратура бойынша жаңа оқу жоспарлары бекітілді. Биыл алғаш рет ғылыми-педагогикалық магистратураға қабылдау жүзеге асырылды. Бұл шаралар Академия дипломының еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

2025 жылғы 4 маусымда Академия құрылғаннан бері алғаш рет «Құқық» бағыты бойынша докторантура білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік лицензия алды. Бұл шешім Академияның ғылыми әлеуетін кеңейтіп қана қоймай, судьялар мен сот жүйесі қызметкерлерінің мансаптық әрі ғылыми өсуіне жол ашады. Қазіргі таңда докторантураға құжаттарды қабылдау жүріп жатыр, оқу 2025 жылғы қарашада басталады деп жоспарлануда.

Ал, қосымша білім беру жүйесін дамыту бағытында судьялардың біліктілігін арттыру Жоғары Сот Кеңесінің ерекше назарында. Судьялардың нақты кәсіби сұранысына бейімделген жекелендірілген оқу бағдарламалары енгізілді. 2025 жылғы сәуір мен мамыр айларында алқабилер қатысатын сот өндірісі және азаматтық істердегі ар-намысты қорғау тақырыптарында мамандандырылған курстар өткізілді. Бұл қадам оқыту бағдарламаларын судьяның біліміндегі «олқылықтарға» нақты бағдарлауға мүмкіндік береді және тиісінше оқыту курстарын ұйымдастырудың сапалы жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.

Судья лауазымына үміткерлердің теориялық даярлығын арттыру мақсатында Академияда алғаш рет референдиат институты енгізілді. 2025 жылғы наурыз–сәуір аралығында «Азаматтық-құқықтық дауларды шешу кезінде кейбір құқық салаларын қолдану ерекшеліктері» тақырыбында қарқынды курс өткізілді. Референдиаттың бірінші легі сәтті өтуіне байланысты сәуір айында қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамаларын қолдануға арналған екінші курс ұйымдастырылды.