Сот отырысында 3 жәбірленуші Ілияс Сәриевке қалай алданғанын айтып берді

0
120

"Елге көмек" қайырымдылық қорының басшысы науқас балалардың отбасыларын алдап, миллиондаған теңге жымқырған.


Сот отырысында 3 жәбірленуші Ілияс Сәриевке қалай алданғанын айтып берді

Фото: dalanews

ERNUR.KZ. Қалың елге өзін "қазақтың Робин Гуды" деген атаумен таныстырған Ілияс Сәриев пен Ақтоты Дүйсееваға қатысты қылмыстық істе жәбірленушілер оқиға барысын бүкпесіз баяндап берді, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгінгі сотта үш жәбірленуші сөз сөйлеген. Олардың бірі – Айман Кенжетайқызы. Ол Сәриевтің көпшілікті бір схемамен алдағанын айтып отыр.

– 2025 жылдың 4 наурызында мен WhatsApp арқылы Сәриевке 3 жастағы қызым үшін қаражат жинауға көмек сұрап хабарластым. Ол дереу қоңырау шалып, баланы көргісі келетінін айтты да, бірнеше сағаттан кейін үйге келді. Жағдайды білді, мен қажетті соманы атадым. Ол қаражат жинауды бастайтынын айтты. Содан кейін мобилографтың қызметі үшін 100 мың теңге сұрады, бірақ жинауды тек 8 наурыздан кейін бастайтынын жеткізді. Біз келістік. Кейін мен оған бөліп-бөліп 750 мың теңге аудардым. Бұл – қызымның еміне адамдар жинаған ақша еді. 8 наурыздан кейін онымен байланысу қиынға соқты. Соңғы рет 29 наурызда сөйлестік, – деді ол.

Айман Кенжетайқызының сөзінше, ол ақшаны Сәриевтің әйелі Шынардың, "інісі" деп таныстырған Нартайдың және тағы бір бейтаныс адамның есепшотына аударған.

– Сәриев менен тағы 120 мың теңге сұрады, оны "үйге жөндеу жасаған құрылысшыға" деп айтты. Бірақ кейін ол адамның құрылысшы еместігі және Сәриевтің оны да 1,5 млн теңгеге алдағаны анықталды. Сөйтіп, менің ақшам оның қарызын жабуға кеткен болып шықты. Ал Сәриевтің әйелі бұл қаражатты екінші айыпталушы – Ақтоты Дүйсееваға аударғанын айтты, – деді жәбірленуші.

Сотта екінші сөз кезегін алған жәбірленуші Венера Сұлтанқызы да осыған ұқсас жағдай басынан өткенін айтып берді. Оның сөзінше, екеуара ешқандай ресми келісімшарт болмаған, тек ауызша және мессенджер арқылы сөйлесіпті.

Тағы бір жәбірленуші әлеуметтік желіден "MM Travel" туристік компаниясының бір күндік акциясын көріп қызыққан. Онда Умраға 500 мың теңгеге жолдама ұсынылған.

– 21 ақпанда айыпталушы Ақтоты Дүйсееваға 100 мың теңге аудардым, ертесінде 150 мың, ал 1 наурызда оның менеджеріне тағы 300 мың бердім. 6 наурызда Алматыға келдік, бірақ кеңсе жабық болып шықты. "Рейс кейінге қалдырылды" деді. Екі рет кейінге қалдырғаннан соң, мүлдем хабарсыз кетті, – деді ол.

Ендігі сот процесі 25 қыркүйекте жалғаспақ.