Шығыс Қазақстан облысы Үлкен Нарын ауданында дәрігер моральдық залал ретінде пациентіне 3 млн теңге беруге міндеттелді.
Фото: kazgazeta.kz
ERNUR.KZ. ШҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінде, Үлкен Нарын аудандық сотында ҚР Қылмыстық Кодексінің 317-бабы (Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауының абайсызда пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіруі) бойынша іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz.
Белгілі болғандай, иығы ауырсынған әйел адам аудандық ауруханаға жүгінген. Дәрігер оған "иық буынының артрозы" диагнозын қойып, новокаинді блокада егу емін тағайындаған.
Бірнеше екпеден кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, кеуде тұсында ауырсыну, ентігу, тыныс алудың қиындауы байқалды. Дәрігер әуелі "аллергиялық есекжем" деп диагноз қойып, кейін "өзге пневмоторакс" деп анықтап, қабырғааралық дренаж орнатқан.
– Алайда бұл әрекет медициналық тұрғыда дұрыс жасалмаған. Сонымен қатар дәрігер медициналық құжаттаманы рәсімдемей, пациентті стационарға жібермеген. Содан соң науқас Алтай аудандық орталық ауруханасына жүгініп, оған "массивті сол жақтық травмалық пневмоторакс" диагнозы қойылған. Әйел шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған, – делінген ақпаратта.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келгені анықталды. Сот барысында жәбірленуші дәрігерден моральдық залал ретінде 10 млн теңге өндіруді сұрады.
– Сот бұл соманы 3 млн теңгеге дейін азайтып, дәрігерді бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Алайда "ҚР Конституциясының отыз жылдығына байланысты амнистия туралы" заңға сәйкес, сотталушы тағайындалған жазадан босатылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, – делінген хабарламада.
                        
                        
                    
