Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті.
Фото: Максат Шагырбаев / Kazinform
ERNUR.KZ. Қарағанды облысы ТЖД-нің 112 пультіне полициядан Шахтинск қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде тұрмыстық газ баллонынан газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны туралы хабар түсті. Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде 5-еуі полиция қызметкері, деп жазады inform.kz.
Хабарлама келіп түскеннен кейін 4 минут ішінде ТЖМ күштері мен құралдары оқиға орнына жеткен. Олар оқиға орнына келген кезде жиһаз бен тұрмыстық заттар жанып жатқан.
Құтқарушылардың күшімен баспалдақ арқылы жоғарғы қабаттардан 5 адам эвакуацияланыпты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін полиция қызметкерлері де тұрғындарды эвакуациялаған, қалған тұрғындар өз бетінше ғимараттан шыққан.
– Тұрғындар үшін ТЖМ вахталық автокөлігін пайдалану арқылы жылыту ұйымдастырылды. Сондай-ақ жылыту пункті ашылды. Оқиға салдарынан 8 адам зардап шекті, оның ішінде 5-еуі полиция қызметкері. Барлығы медициналық мекемеге жеткізілді, – делінген ресми хабарламада.
ТЖМ күштерімен 40 шаршы метр аумақты шарпыған өрт толық сөндірілді. Оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр. Оқиға орнында ТЖД бастығының жетекшілігімен өрт сөндіру штабы құрылды. Оқиға орнында өрт сөндіру бөлімшелері, құтқару топтары, сондай-ақ медицина қызметкерлері, полиция және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеп жатыр.
Еске сала кетсек, Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 123 өрт тіркеліп, соның салдарынан 9 адам көз жұмып, тағы екеуі жарақат алды. Ал қаза тапқан 9 адамның жетеуі мас күйінде болған.


