Семейде зейнеткер полицейлердің көліктерін өртеп жіберген: сот үкім шығарды

0
86

Зейнеткнер Changan CS55 plus пен Chevrolet Cobalt-ты өртеп жіберген.


Семейде зейнеткер полицейлердің көліктерін өртеп жіберген: сот үкім шығарды

Бейнеден кадр

ERNUR.KZ. Семейде полиция қызметкерлерінің екі көлігін "жазалау" мақсатында өртеп жіберген зейнеткерге үкім шықты. Оқиға жыл басында болған, деп жазады tengrinews.kz.

Зейнеткер көліктерді не үшін өртеді?

Үкімде көрсетілгендей, 25 қаңтарда күндіз Семейдің 65 жастағы тұрғыны гаражында бір банка сыра ішіп, үйіне бет алған. Жолда оны учаскелік полицейлер тоқтатқан.

Полицейлер ер адамды тірек пунктіне жеткізіп, әкімшілік хаттама толтырғаннан кейін үйіне жіберген.

Осыдан кейін зейнеткер учаскелік инспекторлардан өш алуды ұйғарған. Ол гараждан бензин құйылған канистраны алып, полиция тірек пунктіне келіп, қызметкерлердің екі автокөлігін – Changan CS55 plus пен Chevrolet Cobalt-ты өртеп жіберген.

Ер адам қашып үлгермеді. Полицейлердің бірі көшеге жүгіріп шығып, оны қуып жетіп, ұстады.

Зейнеткер кінәсін мойындады

Сотта ер адам кінәсін толық мойындады. Ол ұсталып, әкімшілік хаттама толтырылған соң ашуланғанын, сондықтан учаскелік полицейлерді осылайша жазалауды шешкенін айтып берді.

Ал полицейлер заң аясында әрекет еткендерін мәлімдеді: олар ер адамды мас болудың айқын белгілеріне байланысты тоқтатып, хаттама рәсімдеген және туыстарының өтініші бойынша үйіне жіберген.

Сот шешімі

Сот ер адамды Қылмыстық кодекстің 202-бабының 2-бөлігі ("Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру") бойынша кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол пробациялық бақылауда болады.

Сот жәбірленушілерге жалпы сомасы 9,8 миллион теңге шығынды өтеуді міндеттеді. Ер адам бұл соманы зейнетақысынан төлеуді жоспарлап отыр.

Қаңтарда әлеуметтік желілерде өртеніп жатқан көліктердің видеосы пайда болған еді. Куәгерлер өрт Семейдегі құрылыс колледжі маңында болғанын жазған.

Кейін полиция өртенген көліктер полиция қызметкерлеріне тиесілі болғанын хабарлады. Сотқа дейінгі тергеу басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.