Риддер жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарына 1,7 млрд теңге бөлінді

0
147

Соңғы екі жылда Риддер ЖЭО-ға үкімет резерві мен облыс бюджетінен 15,5 млрд теңге бағытталған.


Риддер жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарына 1,7 млрд теңге бөлінді

ERNUR.KZ. Риддер қаласындағы жылу электр орталығының жөндеу жұмыстарына үкімет резервінен шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулығы премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп жазады sputnik.kz.

Құжатқа сәйкес, Риддер қаласындағы жылу электр орталығында жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облысының бюджетіне ағымдағы нысаналы трансферт түріндегі қаражат аударылады.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, соңғы екі жылда Риддер ЖЭО-ға үкімет резерві мен облыс бюджетінен 15,5 млрд теңге бағытталды.

"Қазандықтар мен турбиналарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, стансаның тозу деңгейі 75%-дан 46%-ға дейін төмендеді. Ұзындығы 21,3 шақырым жылу желісінде жөндеу жүргізілді, соның нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 67%-ға дейін азайды", - делінген үкімет хабарламасында.

Сондай-ақ 2023-2024 жылдардағы жөндеу науқанына енбеген тораптар мен механизмдерді жөндеу қажет. Қазандық агрегаттарын, турбоагрегаттарын, сондай-ақ жабдықтың тұрақты түрде электрмен қамтамасыз етілуіне жауапты кешенді тарату құрылғыларын жөндеу қажет.
Осылайша бөлінген қаражат Риддер қаласының жылу электр орталығын алдағы 2025-2026 жылыту маусымына уақытылы әрі сапалы дайындауды қамтамасыз етеді.
Айта кетері, 2024 жылы жылу электр орталығын тиімді басқару, стансаның қаржылық және кадр тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мүліктік кешені коммуналдық меншікке берілді.