Ірі жол апаты Алтай өлкесінде болды.
Фото: Алтай өлкелік ІІМ
ERNUR.KZ. Ресейдің Алтай өлкесінде орналасқан А-322 автожолының 187-шақырымында ірі жол-көлік апаты болды. Қайғылы оқиға салдарынан алты адам қаза тапты, олардың екеуі – Қазақстан азаматы, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Жол апаты 30 маусым күні болды.
Kia жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Kia Forte көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, қарсы бағытұа шығып кеткен. Салдарынан көлік Honda Odyssey автокөлігімен соқтығысқан.
Қазақстандықтар оқиға орнында көз жұмды
Honda Odyssey көлігінде болған Қазақстан азаматтары оқиға орнында қаза тапты. Ал Kia көлігінде сегіз адам отырған, олардың барлығы – Алтай өлкесінің Поспелихин ауданының тұрғыны. Қайтыс болғандардың қатарында үш бала мен бір ересек адам бар.
Төрт адам ауруханаға жеткізілді
Апаттан зардап шеккен тағы төрт адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайына байланысты дәрігерлер қажетті көмекті көрсетіп жатыр.
Тергеу жүріп жатыр
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, қажетті сараптамалар мен тергеу амалдары тағайындалды. Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеуде.
Іс ІІМ басшысының жеке бақылауына алынды
Алтай өлкелік ІІМ басшысы Сергей Камышев істі жеке бақылауына алды. Тәртіп сақшылары қазіргі таңда барлық мән-жайды анықтап жатыр.