Ал үйқамаққа жберілгендердің барлығы дүрбелеңде оқ тиіп жарақат алғандар.
Полиция ұсталғандардың біразын босатты. Тергеу аяқталғанша 11 адам үйқамақта отыруға тиіс. Іске «Аманат» қоғамдық комиссиясы араласқан соң осындай шешім қабылдана бастаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.
Адвокаттардан құралған комиссия Алматыдағы ЛА 155/18 мекемесіне арнайы барды. Ал үйқамаққа жберілгендердің барлығы дүрбелеңде оқ тиіп жарақат алғандар.
"Сегізі күні ауруханадан алып кетті. Наркоздан оянған кезде автоматпен келгендер алып кетті. Оқ тиді. Көлікте келе жатқанда қабырғама оқ тиді. 18-нен бері санитарлық бөлімде ем-дом алып жатырмын. Сол, «митингіге қатыстың» дейді. 272-баптың 2-тармағы бойынша тергеп жатыр", - дейді Бақытбек Мұхаммедұлы.
Қазір Алматыдағы ең ірі тергеу абақтысында қаңтардағы қақтығысқа қатысты делінген 300-ге жуық адам отыр. Олардың көбісіне "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және қатысты" деген айып тағылған. Оқ тиіп түрлі жарақат алған азаматтарды полиция ауруханадан осы жерге жеткізген.
Абзал Құспан басқарқан комиссия мүшелері прокуратурамен бірлесіп, жазықсыз адамдардың нақақтан-нақақ ауыр қылмысты арқалауына жол бермейміз деп отыр. Сондай-ақ ол тергеу барысында күдіктілердің ұрып-соғу, азаптауын болдырмауға тырысамыз дейді. Қазір осы комиссия мүшелеріне азаматтардан «жақынымыз заңсыз қамалды, қудалауға ұшырады» деген хаттар толассыз түсіп жатыр.
"Біз кеше жұмысымызды бастадық. Сенбі күні ғана прокуратурамен жұмыс жасауға рұқсат берілді. Ең бастысы, мына кісілерге мына жерде жатуға негіз жоқ деп есептедік. Прокуратура органдары істерді сұратады. Біз бірге отырып қараймыз. Сосын шығару қажет пе, жоқ па, деген мәселеде бірлесіп шешім қабылдаймыз. Назарда ұстап, қадағалайтын боламыз. Барлығына телефон номірімізді бердік", - дейді Абзал Құспан, «Аманат» қоғамдық комиссиясының төрағасы.