Перизат Қайраттың атышулы ісінен кейін қайырымдылық қорларының ақшасына қатысты жаңа ереже енді

0
175

​Қайырымдылыққа ақша жинайтын қорлар енді сол ережеге бағынуы керек.


Перизат Қайраттың атышулы ісінен кейін қайырымдылық қорларының ақшасына қатысты жаңа ереже енді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Су тасқыны кезінде қазақстандықтардан қайырымдылыққа жиналған ақшаны қалтасына басып, 10 жылға сотталып кеткен блогер Перизат Қайраттың кейсінен кейін есепшоттарға қатысты жаңа ереже пайда болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Еске салып өтсек, блогер мүмкіндігі шектеулі балаларға, Қазақстандағы су тасқынынан және Таяу Шығыстағы қақтығыстан зардап шеккендерге қайырымдылық көмегі ретінде жиналған 3,5 миллиард теңгені өз басының қажетіне жұмсаған. Қыруар сомаға элиталық жылжымайтын мүлік, люкс автокөліктер, қымбат әшекей бұйымдар мен аксессуарлар сатып алған. 2025 жылдың 25 шілдесінде ол он жылға, ал оған көмектескен анасы Ғайни Алашбаева алты жылға сотталған болатын. Қазақстан тарихындағы ірі алаяқтық істердің бірі болған осы оқиғадан кейін заң органдары бір өзгеріс керегін түсінген секілді.

Енді халықтан ақша жинайтындар арнайы шот ашуға міндетті. Сондай-ақ апат кезінде жапа шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік төлем де тек арнайы банк картасы арқылы беріледі. Бұл заң «осы карта нөміріне ақша салыңыз» деп, кез-келген шотты көрсететін қорлар мен жеке «волонтерлерге» тұсау салып, алаяқтықтың алдын алады. Azattyq Rýhy жаңа норманың қалай жұмыс істейтіні туралы егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Биыл маусым айынан бастап жер сілкінісі, су тасқыны, орман өрттері, жарылыс секілді табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге берілетін қаражатқа басқа адамдар иелік ете алмайды. Заңнамадағы өзгеріс мемлекеттен бөлінетін де, қайырымдылық қорлардан берілетін де бюджетке қатысты болып отыр.

Бұдан былай мемлекеттік бюджеттен немесе қайырымдылық ұйымдарынан берілетін төлемдер арнайы шотқа түседі. Ол қаражатты банк азаматтың несиесіне ұстап қалмайды.

Арнайы шот деген не

Сонымен арнайы шот дегеніміз - әлеуметтік төлемдер мен басқа да қорғалатын төлемдер түсетін банктік шот. Ондағы ақшаны қарыз немесе сот шешімі бойынша алып қоюға тыйым салынған.

  • Бұған дейін мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • жүктілік және босану бойынша төлемдер;
  • 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
  • денсаулыққа зиян келтіргені үшін өтемақы;
  • алименттер;
  • әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер және төлемдердің басқа түрлері арнайы шотқа түсетін еді.

Енді олардың қатарына ТЖ кезінде зардап шеккендерге берілетін өтемақы да кіріп отыр.

Ал зейнетақы, жалақы, шәкіртақы және кәсіпкерлік табыс сияқты кіріс көздері арнайы шотқа кірмейді, сондықтан олардан несие мен салық ішінара ұсталады. Алайда «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 36-бабының 2-тармағына сәйкес, банк азаматтан қарызды өндіріп алғысы келсе, шоттағы ақшаның бәрін алмайтынын ескеру керек. Мәселен, шотыңызда 150 000 теңге болса, банк ең көбі 57 544 теңгені ғана ала алады, ал ең төмен екі күнкөріс деңгейі ретінде бекітілген 92 456 теңге сізде қалады. Бұл ереже жинақ шоттағы ақшаға қатысты емес, тек жалақы немесе зейнетақы түсетін шоттарға қатысты қолданылады.

Арнайы шотты қалай ашуға болады

Арнайы шот ашу үшін банкке немесе «Қазпоштаға» бару керек. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңізді алып барып, өтініш жазасыз. Өтініште бұл шоттың арнайы шот екенін және не үшін ашып жатқаныңызды көрсету қажет. Сонымен қатар, Ұлттық Банктің бекіткен ережелеріне сәйкес бірнеше қосымша құжат сұралуы мүмкін.

Еске сақтайтын ережелер:

  • Арнайы шот тегін ашылады.
  • Банк қызмет көрсеткені үшін комиссия алмайды.
  • Банк сіздің салық қарызыңыз немесе төленбеген несиеңіз болса да шот ашуға міндетті. Яғни банк «берешегіңіз бар екен» деп сізге мұндай шот ашудан бас тартпауы тиіс.

Шот ашпас бұрын банкпен жасалатын шартты мұқият оқып шығыңыз. Егер бірдеңе түсініксіз болса, банк қызметкерінен сұраңыз. Шарттағы барлық тармақтарды түсініп алмай тұрып ешқашан қол қоймаңыз. Ал егде жастағы адамдар кез келген құжат рәсімдеген кезде жас, өзі сенетін туысынан көмек сұрағаны дұрыс.

Арнайы шотты ашып, кейін одан басқа адамның ақша алғанын білсеңіз не істеу керек

Заң бойынша арнайы шоттағы ақшаға:

  • тыйым салуға болмайды;
  • сот орындаушылары немесе банктер ол ақшаны қарызды өтеу үшін алып қоя алмайды.

Бірақ кейде техникалық қателіктер болып, мұндай шоттан ақша шығып кетуі мүмкін. Егер сіздің арнайы шотыңыздан ақша алынғанын байқасаңыз, мынадай әрекет жасаңыз:

  • Дереу банкке хабарласыңыз. Ақша не үшін алынғанын түсіндіруді сұраңыз.
  • Құжаттарыңызды дайындаңыз. Онда бұл шоттың арнайы шот екенін және ондағы төлемдердің әлеуметтік мақсатта екенін көрсету қажет.
  • Өндіріп алушының үстінен шағым түсіріңіз.
  • Егер мәселе шешілмесе, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне немесе сотқа жүгініңіз.

Бұл әрекеттер сіздің арнайы шотыңыздағы ақшаны қорғауға көмектеседі.