Павлодарда терезеден балаларын лақтырған әйелдің палатасын полицейлер күзетіп тұр

0
90

30 шілдеде Павлодарда 1,5 және 7 жастағы екі ұлын бесінші қабаттан лақтырған әйел, артынша өзі де секірген.


Павлодарда терезеден балаларын лақтырған әйелдің палатасын полицейлер күзетіп тұр

Фото:Tengrinews.kz

ERNUR.KZ. Павлодарда екі ұлын терезеден лақтырған әйелдің аурухана палатасы тәулік бойы полиция бақылауында тұр, деп жазады tengrinews.kz.

Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында хабарлаған. Ресми мәліметке сәйкес, әйел жатқан палатаға тәулік бойы кезекші полиция қызметкерлері бекітілген.

"Балалардың анасы стационарлық емдеуде жатыр. Оның ауыр жағдайына байланысты бұлтартпау шарасы таңдалған жоқ, себебі әйел жүре алмайды. Палатада полиция қызметкерлері кезекшілік етеді", – деді департаменттің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Ыбраев.

Полиция өкілдері көршілердің сөзін де растады: бір жыл бұрын әйел бесқабатты үйдің терезесінен секірген.

"2024 жылы ол өз-өзіне қол жұмсамақ болып, балконнан секірмек болған. Бұл дерек тіркелді, кейін қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды", – деді Ыбраев.

Павлодардың №1 қалалық ауруханасы хабарлағандай, 7 тамызда науқасқа ота жасалған.

"1 тамыздан бері ол көпжарақат бөлімінде жатыр. Бүгін екі өкше сүйегіне остеосинтез жасалды. Жағдайы тұрақты", – деп мәлімдеді аурухана баспасөз қызметі.

Әйелдің тірі қалған үлкен ұлының да жағдайы жақсарып келеді.


"Бала жамбас сүйектерінің сынуына байланысты қатаң төсек режимінде жатыр. Динамика оң, жағдайы қанағаттанарлыққа жақын", – деді облыстық балалар ауруханасында.

Дәрігерлердің айтуынша, бала палатасында отбасының бір туысы күтім жасап жүр.

Еске салайық, 30 шілдеде Павлодарда 1,5 және 7 жастағы екі ұлын бесінші қабаттан лақтырған әйел, артынша өзі де секірген. Үшеуі де бірінші қабаттың қаңқасына құлап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Екі күн бойы дәрігерлер ең кішкентай баланың өмірі үшін күрескенімен, оны аман алып қалу мүмкін болмады.

Полиция кісі өлтіруге оқталу және өз-өзіне қол жұмсау фактілері бойынша қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел арнайы медициналық мекемеде есепте тұрған.