​Отбасы банк жалға берілетін тұрғын үйді бөлуге қатысты жағдайды түсіндірді

0
126

Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істей бастағаннан бері Отбасы банк 30 569 қазақстандық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етті.


​Отбасы банк жалға берілетін тұрғын үйді бөлуге қатысты жағдайды түсіндірді

фото:kz.kursiv.media

ERNUR.KZ. 2026 жылдың 9 тамызында Павлодар қаласының тұрғыны Марина Харчук әлеуметтік желілерде «жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша жалға берілетін тұрғын үй беруден бас тартылғаны туралы жазба жариялады. Отбасы банк жағдайды қарап, тұрғын үйді бөлу тәртібіне түсініктеме береді.

2026 жылдың 10 тамызында Отбасы банктің Павлодар облыстық филиалының директоры Марина Харчукпен кездесіп, жалға берілетін тұрғын үйді бөлу тетігін егжей-тегжейлі түсіндірді. Тұрғын үйді бөлу тәртібі Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен және Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы бұйрығымен бекітілген Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру қағидаларымен реттеледі.

Марина Харчук 2008 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұр. Бұған дейін есепті Павлодар қаласының әкімдігі жүргізген. 2025 жылы әкімдіктерден кезекте тұрған азаматтардың тізімдері Отбасы банкке берілді. Отбасы банк отбасы құрамы мен табыс деңгейі туралы деректерді өзектендіру мақсатында түгендеу жүргізді.

Түгендеу жүргізілген кезде өтініш берушінің отбасы екі адамнан тұрған. Екі адамнан тұратын отбасы үшін 6 айдағы жиынтық табыс мөлшері бір адамға шаққанда 3,5 күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс. 2026 жылы 1 күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге. Яғни, бір адамға – 177 978 теңге, ал отбасыға – 355 956 теңге.

Отбасының табысы белгіленген шектен аспаған. Осыған байланысты автоматтандырылған жүйе ауданы 81,4 шаршы метр болатын екі бөлмелі пәтерді бөлген.

2026 жылғы шілдеде Марина Харчук некеге тұрды. Осыған байланысты отбасы құрамы екі адамнан үш адамға өзгерді.

Үш адамнан тұратын отбасы үшін шекті табыс мөлшері бір адамға шаққанда 2 күнкөріс деңгейін құрайды. Бұл – бір адамға 101 702 теңге, ал үш адамнан тұратын отбасыға 305 106 теңге.

Кезекті түгендеу барысында жүйе отбасы құрамындағы өзгерісті және жұбайының табысын ескере отырып, отбасының жиынтық табысын қайта есептеді. Нәтижесінде отбасының табысы жалға берілетін тұрғын үй алу үшін белгіленген шектен асып кеткен. Осыған байланысты пәтер беруден бас тартылды.

Тұрғын үй барлық азаматтарға ортақ талаптар негізінде «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» автоматтандырылған жүйесі арқылы бөлінеді. Бұл ретте қызметкерлердің қолмен араласуына жол берілмейді. Жүйе 15 мемлекеттік деректер базасымен интеграцияланған.

Ұлттық даму институты ретінде жұмыс істей бастағаннан бері Отбасы банк 30 569 қазақстандық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етті. Оның ішінде жалға берілетін тұрғын үй және жеңілдікті қарыз арқылы берілген тұрғын үйлер бар.

Мемлекеттік қолдау шаралары отбасы табысының деңгейіне қарай «тұрғын үйдің қолжетімділік сатысы» қағидаты бойынша бөлінеді. Яғни, табысы ең төмен отбасылар үшін – жалдау ақысын субсидиялау, табысы жоғарырақ отбасылар үшін – жалға берілетін тұрғын үй, ал қарызды өтеуге жеткілікті табысы бар отбасылар үшін – жеңілдікті қарыз беру қарастырылған.

Марина Харчук жағдайында жергілікті атқарушы органдар салған үйлерден тұрғын үйді жылдық 2% мөлшерлемемен (ЖТСМ 2,0%-дан 2,1%-ға дейін), бастапқы жарнасы 10%-дан бастап қарызға сатып алу бағдарламасы қолжетімді.

Кезектегі деректердің өзгеруіне қатысты сұрақтар туындаған жағдайда банк азаматтарға жеке кеңес алу үшін Отбасы банктің байланыс орталығына немесе жақын орналасқан филиалына жүгінуді ұсынады.