Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев арнайы жұмыс тобы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін талқылап жатқанын хабарлады.
Фото: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын бөлу тәртібіне өзгерістер енгізу жоспарлануда, деп жазады stan.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев арнайы жұмыс тобы зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету тетіктерін талқылап жатқанын хабарлады.
“Бұл мәселе әлі де талқылануда, сондықтан оның барлық тетіктері мен ұсыныстарын әзірге толық көлемде жариялай алмаймын”, – деді министр.
Сонымен қатар министр ұсыныстардың бірі жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарының 5%-ын қайта бөлуге қатысты екенін айтты.
Талқыланып жатқан нұсқаға сәйкес:
- 4%-ын қызметкерлердің жеке зейнетақы шоттарына бағытталуы ұсынылады – бұл қазіргі қолданыстағы 10%-ға қосымша;
- 1%-ын – ортақ сақтандыру қорына аударылады.
Министрдің айтуынша, өзгеріс зейнетақы жүйесін дамытуға көмектесуі тиіс.
"Бұл жүйедегі теңсіздіктерді реттеу үшін жасалып отыр, кейбір адамдардың жинақтары аз болып, олар тез таусылып қалады. Ортақ қордың есебінен адам өмір бойы зейнетақы төлемдерін ала алады", – деді Аскарбек Ертаев.
Министр бұл мәселе бойынша әлі соңғы шешім қабылданбағанын атап өтті.
“Біз әлі біртұтас шешім қабылдаған жоқпыз. Бұл мәселені қарастыру үшін 1 маусымға дейін уақыт бар. Сол уақытқа дейін оны талқылап, жан-жақты қарастырамыз”, – деді Асқарбек Ертаев.


