Іс-шараға билеттер 1 апта бұрын толық сатылып кеткен.
ERNUR.KZ. Ресейдің Екатеринбург қаласында 3 ақпанға жоспарланған комик Нұрлан Сабуровтың концерті өтпейтін болды, деп жазады baq.kz.
Телеграм-арнаның мәліметінше, іс-шараға билеттер 1 апта бұрын толық сатылып кеткен. Алайда концерттің кейінге шегерілгенін ұйымдастырушылар да растады. Олар мұны «еңсеруге болмайтын мән-жайлармен» түсіндірген.
Билеттер үшін төленген ақша сатып алушыларға 10 күн ішінде автоматты түрде қайтарылады, — делінген хабарламада.
Нұрлан Сабуровтың өнер көрсетуі Ресейдің түрлі қалаларында 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап жаппай тоқтатыла бастады. Бұған комиктің екі әзіл-оспағы себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, оның Қазақстанға көшіп кеткен ресейліктерді акцентпен «мигранттар» деп атауы және «Что было дальше?» шоуының бір шығарылымында Иса пайғамбарға қатысты айтқан әзілі қоғамда резонанс тудырған.


