Блогер жауаптылардың жазаға тартылғанын қалайды.
Фото: видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Балқаш қаласына жақын орналасқан Шұбартүбек ауылындағы «Көктем» демалыс аймағындағы демалыстың соңы трагедиямен аяқтала жаздады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Блогер Аружан Мағзұм сіңлілерімен бірге «диван» су аттракционын қауіпсіз деп таңдап, серуендеуге шыққан. Бұған дейін олар қызметкерлерге бірнеше рет жылдам маневр жасамауды және суға құлатпауды ескерткен, себебі топтағы бірнеше адам жүзуді білмеген.
Алайда аттракционды жүргізген қызметкерлер бұл өтінішке құлақ аспай, суға әдейі құлататын қауіпті бұрылыстар жасаған. Нәтижесінде, барлық жолаушы суға құлап, бір қыздың өмірі қыл үстінде қалды.
Блогердің айтуынша, апалы-сіңлілі қыздардың бірі дұрыс кигізілмеген құтқару жилетінің кесірінен суға батып кете жаздаған.
Оны Аружан өзі құтқарып, дем алуға мүмкіндік берген. Ал катер жүргізушілері болса, жәбірленушілердің айқайына мән бермей, тіпті күлкі еткен.
«Арамыздағы бір қыз есінен танып, суға кеткен сәтте ғана жүргізушінің бірі суға секірді. Екіншісі катермен қозғалысын жалғастырып, басқа қызды арқанға байланған купальнигімен сүйреп, оның да өмірін қатерге тікті. Жағаға жеткен соң, біз шок пен күйзеліске түстік. Бір қыз есін жимай, тілі артқа кетіп, тынысы тоқтай жаздады. Жедел жәрдем бригадасы келіп, үш қызды бірінен соң бірін ауруханаға жеткізді.
Алғашында көлдегі қайық қызметкерлері бізбен танысқысы келген. Біз одан бас тарттық. Кейін осындай әрекеттерін әдейі істеп отыр. Олар жазасын алуы керек», - дейді Аружан Мағзұм.
Аружан полиция шақырғанымен, екі сағат бойы оқиға орнына ешкім келмеген. Тек бірнеше рет қоңырау шалғаннан кейін тәртіп сақшылары ауруханаға кеткендерін хабарлаған.
Дәрігерлер екі қызға «аспирациялық пневмония» диагнозын қойған – өкпеге су кіріп, ісіну пайда болған.
Аружан Мағзұм бұл жағдайды «қылмыстық немқұрайлық» деп атап, кінәлілерді заң алдында жауапқа тартуға ниетті. Оның айтуынша, олар жауапкершіліктен сытылып кетсе, ертең дәл осындай жағдай басқа балалардың немесе отбасылардың өмірін қиюы мүмкін.
Блогердің айтуынша, олар полицияға арызданған. Алайда полиция департаменті арызды көліктегі полицияға жолдапты.
Редакция облыстық полиция департаментіне сұрау жолдады.