"Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты": Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта көз жасына ерік берді

0
64

Ділназдың айтуынша, сол күн – оның еңбек демалысынан кейін жұмысқа шыққан алғашқы күні болған.


Фото: Видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Астанада тұрғын үйдің қасбеті опырылып, қаза тапқан фельдшер Ұлдана Мырзуанның ісі бойынша сотта куәгерлерден жауап алу басталды. Сотта марқұммен бірге оқиға орнына барған әріптесі, фельдшер Ділназ Байзақова сол күнгі жағдайды баяндап, көз жасына ерік берді, деп жазады stan.kz.

Ділназдың айтуынша, сол күн – оның еңбек демалысынан кейін жұмысқа шыққан алғашқы күні болған. Ауысымда Ұлдана бригада жетекшісі, ал Ділназ оның көмекшісі ретінде жұмыс істеген. Бұған дейін ол басқа бригада құрамында болған.

“Әдеттегідей ауысымға келіп, белгілендік. Таңғы сағат 08:00-де алғашқы шақырту түсті. Оған барып, кейін қосалқы станцияға таңғы ас ішуге оралдық. Біраздан соң Ұлдана бірінші санаттағы шұғыл шақырту түскенін айтты. Себебі – қабырға құлаған. Бірден жолға шықтық”, – деді куәгер.

Олар оқиға орнына құтқарушылардан бұрын жеткен, сыртта көп адам жиналып тұрған.

Сот барысында айыпталушы тараптың адвокаты фельдшерлер ТЖД қызметкерлері келгенге дейін үйінді астына кіріп, көмек көрсетуге тиіс пе еді деп сұрады. Ділназ Байзақова бұған “Жоқ” деп жауап берді. Оның айтуынша, үйінді астындағы адамдарға бару туралы шешімді дәрігерлер өзара қабылдаған.

Фельдшерлер дүкен арқылы өтіп, тар өткелге жеткен. Онда үйінді астында ер адам мен әйел жатқан.

Ділназдың айтуынша, олар бірден зардап шеккендерге көмек көрсетуге кіріскен.

“Зардап шеккендерді көтеріп, ішке, дүкенге қарай апармақ болдық. Сол сәтте үстімізге бір нәрсе құлады. Нақты не екенін білмеймін, бірақ ауырғанынан кірпіш екенін түсіндім. Мен құлап, кейін орнымнан тұрдым. Ұлдана етпетінен жатыр екен. Оны көтергенімде денесінің сау жері қалмағанын көрдім. Құлағы мен мұрнынан қан атқылап жатты. Мен “Ұлдана!” деп айғайладым”, – деді Ділназ Байзақова сотта.

Қайғылы сәтті еске алған куәгер сот залында көз жасын тыя алмады. Оның сөзінше, көп ұзамай оқиға орнына екінші жедел жәрдем бригадасы келіп, Ұлдананы зембілмен алып кеткен. Ал Ділназ оқиға орнында қалып, басқа зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді жалғастырған.

“Ұлдананы бірден алып кетті. Мен жалғыз қалдым. Аға дәрігерге хабарласып, Ұлдананы алып кеткенін, ал мұнда үш зардап шегуші бар екенін айтып, тағы бір бригада жіберуін сұрадым. Ұлдананы алып кеткеннен кейін ТЖМ қызметкерлері келді. Оған дейін зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеттім”, – деді ол.

Оқиға кезінде Ділназ Байзақованың өзі де жарақат алған. Оның айтуынша, дәрігерлер ми шайқалуы, жабық бас-ми жарақаты және амнезия диагнозын қойған.

Еске салсақ, 18 тамыз күні Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот процесі басталғаны туралы жазған едік. Іс бойынша Ұлдана қаза тапқан үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қылмыстық кодекстің "міндеттеріне адал қарамау" бабы бойынша айып тағылған. Айыпталушы сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін және кінәні мойындамайтынын мәлімдеді.

Алғашқы сот отырысында марқұмның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартқысы келетінін мәлімдеді. Алайда сот оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Айта кетейік, марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі қайғылы оқиғадан 8 ай өткен соң қайта шаңырақ көтеріп, көптің сынына қалған еді.

20 тамыздағы сотта жәбірленуші ретінде танылған марқұмның бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел әкімдік берген 20 миллион теңгенің қайда жұмсалғанын айтып берді. Ол өтемақының 4,5 миллион теңгесін Ұлдананың анасына бергенін мәлімдеген еді.

Мән-жайы

Еске салайық, фельдшер Ұлдана Мырзуан 2025 жылдың қарашада Астанада қызметтік міндетін атқару кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Ол тұрғындарға медициналық көмек көрсетуге барған сәтте көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы қасбетіндегі кондиционер блогы құлап, ауыр жарақат алған. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 18 қарашада жас фельдшер ауруханада көз жұмды.

Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін “Ерлігі үшін” медалімен марапаттады.