"Криптовалюта түрінде несие береміз": Алматыда алаяқтық іс тергеліп жатыр

0
85

Қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартылған.


фото: Sputnik / Владимир Астапкович

ERNUR.KZ. Алматыда интернет-ресурсы арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деген желеумен жасалған алаяқтық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр, деп жазады sputnik.kz.

Қарыз алушылар әлеуметтік желілер арқылы белсенді тартылған. Онда тиімді шарттармен қарыз берілетіні туралы жарнама кеңінен таралған. Қарыз рәсімдеу үшін азаматтардан жеке басын сәйкестендіруден өтіп, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген.
"Алайда бұл рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан едәуір өзгеше болған. Қарыз алушыларға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған", - дейді агенттік.

Сондай-ақ мәміле жасалғанға дейін қарыздың толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген. Қаражат үшінші адамдардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған.

Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған.

Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.