ҚР ТЖМ жасанды интеллект негізіндегі камераларды, бейнебақылау жүйелерін және дрондарды пайдалану көлемін ұлғайтуда

0
125

Шомылу маусымында ТЖМ жазатайым оқиғалардың алдын алу және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологияларды белсенді түрде қолдануда.


ҚР ТЖМ жасанды интеллект негізіндегі камераларды, бейнебақылау жүйелерін және дрондарды пайдалану көлемін ұлғайтуда

ERNUR.KZ. ҚР ТЖМ жасанды интеллект негізіндегі камераларды, бейнебақылау жүйелерін және дрондарды пайдалану көлемін ұлғайтуда

Шомылу маусымында ТЖМ жазатайым оқиғалардың алдын алу және профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында заманауи цифрлық технологияларды белсенді түрде қолдануда. Оқиғаларға жедел әрекет ету, адамдарды құтқару және қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактілерін анықтау үшін Астана, Алматы қалаларында және еліміздің бірқатар өңірлерінде жағалау аумақтары 296 бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Бұл жүйелерден алынған бейнежазбалар ТЖД аумақтық бөлімшелері мен жедел-құтқару жасақтарының кезекші бөлімдеріне тікелей жеткізіледі, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Қосымша Алматы және Қонаев қалаларында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған 101 бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Бұл технология қауіпсіз шомылу аймағының шекарасын анықтауға және белгіленген шектеулер бұзылған жағдайда сиреналық-дауыс хабарлау құрылғыларын автоматты түрде іске қосуға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысының Хромтау ауданында шомылуға қауіпті және тыйым салынған аумақтарға күн энергиясымен жұмыс істейтін 16 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жүйе тәулік бойы жағдайды бақылауды қамтамасыз етеді және электр желілеріне тәуелді емес, бұл шалғай елді мекендерде де тұрақты бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Демалушылардың барынша көп санын қамту үшін құтқарушылар дауыс зорайтқыш байланыс функциясымен жабдықталған ұшқышсыз ұшу аппараттарын да қолдануда. «Сөйлейтін» дрондар қауіпсіздік ережелерін хабарлап, азаматтарды демалыс орындарының өзінде орын алуы мүмкін қауіп-қатерлер туралы ескертеді.

Заманауи технологияларды қолдану қауіпсіздік талаптарының бұзылуын дер кезінде анықтауға, бақылау деңгейін арттыруға және қайғылы оқиғалардың алдын алуға ықпал етеді. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, тек рұқсат етілген орындарда шомылуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.