Турнир бұрын-соңды болмаған жүлде қорымен тарихта қалмақ: жеткіншек жеңімпаздар алғаш рет 5 000 доллардан, күміс жүлдегерлер – 2500 доллардан, ал қола жүлдегерлер – 1500 доллардан алады.
ERNUR.KZ. Елордада үстел теннисінен Қазақстан Республикасы Президентінің Ашық кубогінің алғашқы жеңімпаздары анықталды. 11 жасқа дейінгі (U-11) және 16 жасқа дейінгі (U-16) жас санаттарындағы ұлдар мен қыздар арасындағы тартысты финалдық кездесулер аяқталды.
Ауқымды спорттық іс-шараны Nomad академиясы, Қазақстан Республикасының үстел теннисі федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Турнир бұрын-соңды болмаған жүлде қорымен тарихта қалмақ: жеткіншек жеңімпаздар алғаш рет 5 000 доллардан, күміс жүлдегерлер – 2500 доллардан, ал қола жүлдегерлер – 1500 доллардан алады.
14 елден 300-ден астам спортшыны жинаған халықаралық турнирдің жалпы жүлде қоры — 115 000 АҚШ доллары.
Финалдық кездесулердің нәтижелері:
Ұлдар, U-11: Алтын үшін тартысты сайыста Рамазан Рауанұлы (ШҚО) жеңімпаз атанды, ол турнир барысында жоғары шеберлік пен жеңіске деген жігерін көрсетті. Екінші орын Шымкент қаласының өкілі Заңғар Әбдімәжитке бұйырды. Қола медальдарды Бақдәулет Нұржан (Шымкент қ.) және Расул Бекболат (Ақтөбе облысы) жеңіп алды.
Қыздар, U-11: Осы санаттағы алтын медальді шымкенттік Шохина Миркодирова жеңіп алды, ол тамаша ойын көрсетіп, лайықты түрде пьедесталдың ең биік сатысына көтерілді. Екінші орынды Жансая Тілегенова (Қарағанды облысы) иеленсе, үшінші орынды Томирис Тимурқызы (Ақтөбе облысы) пен Назерке Болатбек (Түркістан облысы) бөлісті.
Жасөспірімдер, U-16: Бұл жас санатындағы финал турнирдің нағыз сәніне айналды. Жасөспірімдер арасында чемпион Әліби Шоманов (ШҚО) атанды, оның турнирдегі өнері жоғары дайындық деңгейі мен спорттық мінезін көрсетіп, жарқын оқиғаға айналды. Екінші орынды Асылхан Мағзұмбеков (Қарағанды облысы), ал үшінші орынды Санжар Ибахан (Түркістан облысы) мен Мансұр Сүйіндік (Павлодар) бөлісті.
Қыздар, U-16: Қыздар арасында Қарағанды қаласының өкілі Мария Лукьянова чемпион атанды, ол бүкіл турнирлік жолды сенімді өтіп, алтын медальді жеңіп алды. Осы санатта екінші орынды Ақниет Амангелді, ал үшінші орынды Рауана Шымкентбай (Шымкент қ.) мен Ноила Ханиязова (Түркістан облысы) бөлісті.
Жарыс әлі аяқталған жоқ. Бүгін турнирдің соңғы күнінде басқа санаттарындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады. Көрермендерді нағыз спорт мерекесі күтіп, Сюй Синь, Фан Бо, Вернер Шлагер және Джу Се Хёк сияқты әлемдік үстел теннисі жұлдыздарының қатысуымен шоу-матчтар өтеді.
Жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімі 29 қазанда өтеді, онда барлық чемпиондар өздерінің лайықты марапаттарын алады.
Турнирдің ресми веб-сайты: https://presidentscup.kz/kz


