023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенді.
Фото: Александр Павский/ Kazinform
ERNUR.KZ. Алматыда 13 адам өлім құшқан хостелдегі өртке қатысты сот процесі тағы кейінге қалдырылды. Осыған байланысты судья адвокат пен айыпталушыға ескерту жасады, деп жазады inform.kz.
Судья Ернар Қасымбеков сот отырысының бұзылуы бірінші рет емес екенін айтып, айыпталушы мен оның қорғаушысына қатаң ескерту жасады.
— Әділбек Мұхамедьяров, ертең жеке гигиеналық заттарыңызбен келіңіз, өйткені сот сізді адвокатыңыз арқылы процесті әдейі созып отырсыз деп есептейді. Тыңдалым ертең сағат 10:00–ге шегерілді. Адвокат Асылбек Абдраимов келуге міндетті. Сот оған қатысты жеке қаулы шығаруға құқылы. Ол талай сот процесін бұзды, біз үнсіз кейінге шегеріп келеміз. Бірақ жарыссөзге кедергі келтіруге болмайды, — деді судья Ернар Қасымбеков.
Судья егер сот отырысы тағы бұзылса, адвокатқа да, айыпталушыға да шара қолданылатынын ескертті.
Ол қорғаушы сотқа жүйелі түрде келмей, процестің тәртібін бұзса, оны ауыстыруға немесе жеке қаулы шығаруға құқығы бар екенін еске салды.
Айта кетейік, Әділбек Мухамедьяровтың қорғаушысы Асылбек Абдраимов сотқа келмегендіктен, тыңдалым ертеңге шегерілді.
Бұған дейін сотталушылардан жауап алынған болатын.
Осыған дейін прокурор Нұразхан Мырзалы айыптау актісін оқыды.
Еске салайық, 2023 жылдың 30 қарашасында Әди Шәріпов, 86 мекенжайы бойынша «Almaty Hostel» хостелі өртенді.
Төтенше жағдай департаментіне өрт туралы хабарлама 05:33–те түскен. Өрт салдарынан хостелде 13 адам қайтыс болды. Мерт болған 13 адамның төртеуі — шетелдіктер (Ресей Федерациясының 2 азаматы және Өзбекстанның 2 азаматы), қалған тоғызы — Қазақстан Республикасының азаматтары.
Кейінірек өртенген хостелдің иелері белгілі болды. Хостел ғимараты Halyk Bank-ке тиесілі. Оны жалға алған — «ALA Hostel» ЖШС. Жалдау туралы келісімшарт 2023 жылы 21 қыркүйекте жасалған.
2023 жылдың желтоқсан айында хостелдің басшысы ұсталды.