Келер жылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі

0
126

Биыл «Азаматтық қорғау туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізілді.


Келер жылы өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі енгізіледі

ERNUR.KZ. Соңғы екі жылда Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылды. Мәселен, 800-ден астам техника және 20 мыңнан астам құралдар мен жабдықтар, алғаш рет ұшақтар мен басқа да әуе кемелері сатып алынып, 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Былтырдан бері тез, үнемді әрі сапалы принципімен объектілер салынып жатыр. Осындай кешендердің құрылысы 3,5 айдың ішінде Астана, Атырау және Семей қалаларында бой көтерді. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

«Таза Қазақстан» концепциясын іске асыру шеңберінде барлық қалалық және аудандық бөлімшенің аумақтарын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Эргономика мен қорғау стандарттарына сай өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың заманауи жаңа нысанды киім-кешектері енгізілді.

Айта кетерлігі, Министрлік халық қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға да үлкен мән береді. Әрбір адам төтенше жағдай кезінде әрекет ету дағдыларын білуге тиіс. Бұл адамның жеке басының қауіпсіздігі мен қоғамдық қауіпсіздіктің негізі болып табылады.

«Сондықтан елімізде жыл сайын тұрғындар мен ұйымдарды қатыстыра отырып 80 мыңнан астам оқу-жаттығу өткізіледі. Оқу-жаттығулардың жаңа форматтары енгізілуде. Тікұшақ техникасын тарту арқылы өрт-тактикалық жаттығулар ұйымдастырылды. Биыл теңіз жасағы Каспий теңізіндегі мұнай төгілу салдарын жоюдың республикалық оқу-жаттығуын алғаш рет ұйымдастырып өткізді. Бұл бөлімше еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті жүзеге асыруда шешуші рөл атқарады», – деді ТЖМ өкілі.

Өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау мәселесі де айрықша мәнге ие. Көмір кәсіпорындарына ауқымды ревизия жүргізіліп, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының 2 мыңнан астам бұзушылығы анықталды, 60-тан астам объектінің жұмысы тоқтатылды. 2026 жылдан бастап өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылаудың жаңа жүйесі күшіне енеді. Қазіргі заманғы қауіптерді ескере отырып, мемлекеттік материалдық резервті тиімді әзірлеудің жаңа механизмдері енгізілді. Оны есепке алу мен толықтырып отыру өңірлердің қажеттіліктеріне және кез келген жағдайда халықты жедел қолдауға бағытталған.

Биыл «Азаматтық қорғау туралы» Заңға елеулі өзгерістер енгізілді. Өнеркәсіптік, өрт, сейсмикалық қауіпсіздік талаптары мен жекелеген құрылыс нормалары күшейтілді. Өрттен сақтандыру механизмі енгізіліп жатыр. Сондай-ақ құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетілуде.

«Президенттің тапсырмасы бойынша Заң шеңберінде тұрғын үй төлемдері, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне көтерме жәрдемақылар, төтенше жағдайлар кезіндегі міндеттерді орындағаны үшін қосымша ақылар белгіленіп, сауықтыру-курорттық ем алу тағайындалды. Сондай-ақ соңғы екі жылда қызметкерлердің жалақысы айтарлықтай өсті», – деді Кеген Тұрсынбаев.

Сонымен қатар «Салауатты ұлт – Мықты Қазақстан» бастамасы аясында құтқарушылар мен жас ұрпақты біріктіретін «BATYR TEAM» спорт клубы жұмыс істейді. Бұл клуб жастардың бойында төзімділік, тәртіп пен патриотизм сезімін дамытады. Жақында қызметіміздің мерейтойына орай жекпе-жектен Әлем чемпионаты өтті. Халықаралық аренада өрт сөндіру-құтқару спортынан айтарлықтай жетістіктер бар.