“Қазмырыштағы“ жұмысшылардың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

0
159

"Қазмырыш" ЖШС аумағында шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан және нысанның бір бөлігі опырылған.


“Қазмырыштағы“ жұмысшылардың қазасынан кейін қылмыстық іс қозғалды

Фото: instagram.com/novosti__uka

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті "Қазмырыш" ЖШС аумағында болған оқиға дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп жазады tengrinews.kz.

Қылмыстық іс еңбекті қорғау қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру бабы (Қылмыстық кодекстің 156-бабы, 4-бөлігі) бойынша қозғалды.

"Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ШҚО ПД.

Полиция тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуі үшін барлық қажетті шара қабылданатынын атап өтті. Қылмыстық-процестік заңнама талаптарына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Екі адам қаза тауып, бесеуі жараланды: жарылыс туралы не белгілі?

5 мамырда таңертең Өскемен тұрғындарын аспанға көтерілген қою түтін шошытқан болатын. Жарияланған кадрлардан будақтаған қалың түтінді көруге болады.

Кейін ТЖМ хабарлама таратты: "Қазмырыш" ЖШС аумағында шаң жинау қондырғысында жарылыс болып, арты өртке ұласқан және нысанның бір бөлігі опырылған. Оқиға орнына алғаш болып жеткен құтқару бөлімшелері ашық жалынды анықтады.