Қазақстандық жүргізушілер Ресейдегі көші-қон шектеулерінен босатылды

0
83

Дағдарыстық жағдай Ресей басшылығымен жедел келіссөздер арқылы шешілді.


Қазақстандық жүргізушілер Ресейдегі көші-қон шектеулерінен босатылды

ERNUR.KZ. Аптаның басында Ресейде халықаралық тасымалмен айналысатын қазақстандық жүргізушілерге қатысты туындаған мәселе Қазақстан пайдасына шешілді, деп жазады inbusiness.kz.


Екі ел басшылығы деңгейінде жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қазақстандық тасымалдаушылар визасыз 90 күннен артық болуға тыйым салатын Ресей нормасы аясынан шығарылды. Бұл туралы "Атамекен" ҰКП Экономикалық интеграция департаменті мәлімдеді.

Еске сала кетсек, дағдарыстық жағдай 6 қазанда Ресейде "Шетел азаматтарының құқықтық мәртебесі туралы" Федералдық заңына өзгерістер күшіне енгеннен кейін туындаған болатын. Жаңа түзетулерге сәйкес, визасыз кіретін шетелдіктер Ресейде бір жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды.

Аталмыш норма бірнеше себепке байланысты мыңдаған қазақстандық халықаралық жүргізушілердің қызметін қатерге тікті.

Қазақстанда өз кезегінде, халықаралық тасымалмен айналысатын жүргізушілер, оның ішінде шетелдіктер де болу мерзіміне қатысты көші-қон нормаларының шектеулерінен босатылған. Бұл шешім логистикалық тізбектердің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.

Ал, ресейлік шектеулер салдарынан қазақстандық тасымалдаушыларға жаппай айыппұлдарға және елден шығарылуға (депортацияға) ұшырау қаупі туындады. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына және тауар жеткізудегі күрделі кідірістерге алып келер еді.

Осы жағдайға байланысты Үкімет "Атамекен" ҰКП-мен бірлесіп, тасымалдаушылардан түскен жаппай өтініштерге қатысты жедел әрекет етті. Атап айтқанда, Ресей басшылығымен шұғыл келіссөздер өткізілді.

Шешім табылды: депортация мен айыппұлдар жойылды

Келіссөздердің қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылар визасыз 90 күн болу нормасына енбейтіні жөнінде келісімге қол жеткізілді. Осылайша, олар үшін депортация және айыппұл қаупі жойылды.

Дегенмен, жағымды шешім қабылданғанға дейін жаңа норма қазақстандық тамымалдаушыларға біршама залал келтіріп үлгерген. "Атамекен" ҰКП деректеріне сәйкес, 9 қазанға дейін Ресейдің әртүрлі аймақтарында 31 жүргізушіге қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынған әрі депортация туралы қаулылар шығарылған.

Жағдайдың ушығуына кейбір қазақстандық жүргізушілердің белгісіз себептермен Ресейдің Бақылаудағы тұлғалар тізіліміне енгізілгені себеп болды.

Алдын ала талдау көрсеткендей, Ресей енгізген нормалар екіжақты және халықаралық міндеттемелердің бірқатарын бұзған, оның ішінде:

• Азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісім (4, 5, 8 баптар), бұл келісім бойынша елдер бір-біріне шектеулер енгізер алдында хабарласып, кеңесуге тиіс;
• ЕАЭО туралы келісімшарттың 66-бабы 1-тармағын, яғни өзге мүше мемлекеттердің азаматтарына қатысты қолданыстағы тәртіпті нашарлататын, жаңа кемсітушілік шараларды қолдануға тыйым салатын норманы бұзған.

Кәсіпкерлер палатасында атап өткендей, ресейлік тарап бұрын жіберілген ескертулерге қарамастан, толыққанды консультациялар жүргізбей, біржақты шешім қабылдаған.

Аталмыш шешім – Үкімет, Мәжіліс және дипломатиялық корпустың үйлесімді жұмысының нәтижесі. Бұл мемлекет өз азаматтары мен бизнесін жедел әрі тиімді қорғай алатынының жарқын мысалы.

Ресеймен жағдайды реттеу жөніндегі сәтті келіссөздер құжат түрінде әлі бекітілген жоқ.

Қазақстанда ресейлік тараптан ресми дәйектер күтілуде.

ҰКП жағдайды бақылауда ұстап отыр және қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалуын жіті қадағалауда.