Қазақстандық жұп суррогат анадан бас тартып, сот арқылы ақшасын өндірмек болды

0
148

Ақмола облысында суррогат ана болу туралы келісімге байланысты туындаған дау сотта қаралды.


Қазақстандық жұп суррогат анадан бас тартып, сот арқылы ақшасын өндірмек болды

Фото: freepik.com

ERNUR.KZ. Ерлі-зайыптылар келісім шарттарын орындамаған әйелден жұмсалған шығынды және моральдық өтемақыны талап еткен, алайда апелляциялық сот моральдық зиянды өтеуді алып тастады, деп жазады stan.kz.

Ақмола облысында сот суррогат ана болуға қатысты ерекше азаматтық істі қарады. Ерлі-зайыптылар өздері үшін бала көтеруі тиіс болған әйелге қарсы талап арыз түсірген.

"2024 жылы ерлі-зайыптылар азаматшамен суррогат ана болу туралы келісімшарт жасаған. Құжатта екі рет ұрықтандыру әрекетін жүргізу көзделген. Алайда алғашқы процедура сәтсіз аяқталып, эмбрион жатырда бекімеген. 2024 жылдың желтоқсан айынан 2025 жылдың ақпан айына дейін ерлі-зайыптылар әйелге тексерулерге, дәрі-дәрмекке, тамақтануға және жүктілікке дайындыққа 500 мың теңгеден астам қаражат аударған", - делінген хабарламада.

Екінші әрекет 2025 жылдың наурыз айында өтуі тиіс болған, алайда суррогат ана клиникаға келмеген. Бір айдан кейін ерлі-зайыптылар эмбрионды сақтауды тоқтату туралы шешім қабылдап, медициналық ұйымға тиісті өтініш берген.

Осыдан кейін олар сотқа жүгініп, жұмсалған қаражатты қайтаруды және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен. Олардың пікірінше, суррогат ана келісімшарт талаптарын бұзған.

Бірінші сатыдағы сот талапты ішінара қанағаттандырды. Жауапкерден процедураға дайындыққа жұмсалған 550 мың теңге өндірілді. Сонымен қатар сот ерлі-зайыптылардың пайдасына 500 мың теңге көлемінде моральдық зиян өтемақысын тағайындады.

Алайда іс апелляциялық сатыға жетті. Облыстық соттың сот алқасы материалдық шығындарды өндіріп алу туралы шешіммен келіскенімен, моральдық зиянды өтеу туралы бөлігін қолдамады.

Соттың мәліметінше, суррогат ана болу туралы келісімшартта эмбрионды сақтау мәселесі қарастырылмаған. Сондықтан әйел эмбрионның кейінгі тағдыры үшін жауапты емес. Эмбрион медициналық ұйыммен жасалған бөлек келісімшарт негізінде сақталған, ал оны жою туралы шешімді ерлі-зайыптылар өздері қабылдаған.

Осылайша, апелляциялық сот шешімді өзгертіп, материалдық шығындарды өндіруді күшінде қалдырды, ал моральдық зиян үшін өтемақыны алып тастады. Сот алқасының қаулысы заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда суррогат аналардың шетел азаматтарына бала туып беруіне тыйым салу ұсынылды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев бұл бағытта заңға өзгерістер дайындалып жатқанын мәлімдеді. Түзетулерге сәйкес, суррогат ана қызметін тек Қазақстан азаматтарына көрсету көзделіп отыр. Бұған дейін депутат Гүлдара Нұрымова халықаралық суррогат ана тәжірибесінде құқықтық даулар жиілегенін айтып, шектеу енгізуді ұсынған. Қазір тиісті өзгерістер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан әзірленіп, келісу кезеңінде.