Сот қаулысы заңды күшіне енді.
фото: Midjourney
ERNUR.KZ. Жамбыл облысының соты жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратты деп айыпталған ер адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша өндірісті тоқтатты, деп жазады tengrinews.kz.
Іс материалдарына сәйкес, К. биыл наурызда Instagram әлеуметтік желісінде 2025 жылғы 28-29 наурыз аралығында болған жер сілкінісінің "G." ЖШС – алтын өндіру фабрикасына байланысты екенін айтқан видеожолдау жариялаған.
"Алайда сотта К. әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен келіспейтінін және өз кінәсін мойындамайтынын айтып, ол 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында болған жер сілкінісінің салдарынан зиян келгенін көрсетіп, дәл сондай жағдайдың қайталануынан қорқып, өз парақшасында алтын өндіруші кәсіпорындағы жарылысқа күдігі барын жазғанын түсіндірді", - делінген хабарламада.
Сот іс материалдарын қарап, К.-ның өз азаматтық құқығын іске асырғанына байланысты оны ӘҚБтК 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз жоқ деген қорытындыға келді.
"Сот қаулысымен азамат К.-ға қатысты ӘҚБтК 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс, оның әрекеттерінде осы бапта көзделген әкімшілік құқық бұзушылық белгілерінің болмауына байланысты тоқтатылды".
Сот қаулысы заңды күшіне енді.