Utebayev University-де өткен Ғылым апталығы аясында білім алушылар өздерінің ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырды.
Фото: ҚР Ғылым министрлігі
ERNUR.KZ. Сол жобалардың ішінде ерекше назар аудартқаны – Autonomous Robotic Ground Universal System (ARGUS) инновациялық әзірлемесі болды, деп жазады inform.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған робот адам бара алмайтын аймақтарда жұмыс істей алады, қауіпті жағдайларда тиімді шешім ұсынып, ауыр жүктерді тасымалдауға арналған.
ARGUS – интеллектуалды модульдік платформа. Жобаның авторы – магистрант Алмаз Қадырбек, ғылыми жетекшісі – профессор Ақмарал Қонарбаева. Бұл жоба заманауи инженерлік шешімдер мен жоғары технологияларды біріктіретін кешенді жүйе болып отыр.
Айта кету қажет, жоба идеясы автордың студенттік кезеңінде қалыптасқан. Бакалавриатта білім алу барысында дуалды оқыту бағдарламасы аясында өндірісте жұмыс істей жүріп, ауыр электр қозғалтқыштарын тасымалдаудағы қиындықтарды байқаған. Осы тәжірибе өндірістік мәселені шешуге бағытталған роботтық платформаны әзірлеуге негіз болды.
Роботтың негізгі ерекшелігі – 8×8 доңғалақ формуласы. Бұл шешім құрылғының күрделі рельефте, құмды және тасты жерлерде еркін қозғалуына мүмкіндік береді. Әрбір доңғалақ жеке электр жетегімен жабдықталған, бұл роботтың маневрлік қабілетін арттырып, платформаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
- Өндірістік нысандарда, әсіресе мұнай-газ саласында адам өміріне қауіп төндіретін аймақтар жеткілікті. ARGUS дәл осындай жағдайларда адамды алмастыра алады. Қашықтан басқарылатын жүйе цехтар мен қоймалар арасында жабдықтарды тасымалдап, логистикалық шығындарды азайтуға ықпал етеді. Болашақта робот толық автономды навигация жүйесімен жабдықталып, дербес шешім қабылдау деңгейіне жетеді деп күтіледі, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда жобаның әлеуеті тек университет деңгейінде ғана емес, республикалық деңгейде де жоғары бағаланғаны айтылған.
«Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен өткен «Өндірістік робототехниканың жаңа дәуірі» байқауында ARGUS еліміздің түкпір-түкпірінен ұсынылған 252 жоба арасынан үздік жобалардың қатарына енді.
Қазіргі уақытта роботтың демонстрациялық прототипін құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның механикалық құрылымы дайын, ал жетек модульдерін біріктіру кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жас ғалымның алдағы жоспарлары ауқымды. Алмаз Қадырбек болашақта ұшқышсыз ұшу аппаратын әзірлеуді жоспарлап отыр. Осы бағыт бойынша алғашқы ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстары басталған.


