Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

0
125

Азия-Тынық мұхиты лингвистикалық олимпиадасы — APLO-2025 өз мәресіне жетті.


Қазақстандық оқушы Азия-Тынық мұхиты аймағының ең мықты лингвисі атанды

Қытай, Австралия, Гонконг, Жапония, Малайзия, Иран, Корея, Сингапур, Таиланд сияқты АТА елдерінің дарынды оқушыларын біріктірген беделді зияткерлік жарысқа биыл 500-ге жуық оқушы қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Байқау қорытындысы бойынша Маңғыстау облысындағы IT-лицейдің оқушысы Рамазан Бутантаев жоғары нәтиже көрсетіп, олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атанды. Ол аймақтың ең мықты қатысушыларын басып озып, алтын медаль иеленді.

Жалпы, Қазақстан құрамасы лингвистикалық олимпиада тарихындағы ең үздік нәтижені көрсетті — 5 медаль және 3 Құрмет грамотасын жеңіп алды. Рамазан Бутантаев (10 сынып, мамандандырылған IT-лицейі, Маңғыстау облысы) алтын, Самир Сарбасов күміс (12 сынып, НЗМ, Астана қаласы), Тимур Кантаев қола (11 сынып, «Арыстан» мамандандырылған мектебі, Алматы қаласы), Зере Серікова қола (11 сынып, №9 «Зерде» мектебі, Астана қаласы), Темірлан Сейтбаттал қола (11 сынып, БИЛ, Ақмола облысы) медаль иеленді.

Ислам Сипатталов (10 сынып, БИЛ, Ақтөбе қаласы), Шыңғыс Қарасаев (11 сынып, НЗМ, Орал қаласы), Арон Хасанов (11 сынып, БИЛ, Атырау қаласы) Құрмет грамотасымен марапатталды.

Лингвистикадан ҚР құрама командасының жаттықтырушысы — лингвистика және география пәндерінен халықаралық және республикалық олимпиадалар жеңімпазы, Эберхард және Карл атындағы Тюбинген университетінің 2-курс студенті — Аида Давлетова.

Оқушыларымызды тамаша нәтижелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Анықтама үшін: Asia Pacific Linguistics Olympiad (APLO) — жоғары сынып оқушыларына арналған халықаралық лингвистикалық олимпиада. Бұл олимпиада логикалық ойлау, тілдік түйсігі мен мәдениетаралық құзыреттілікті дамытуға бағытталған және Халықаралық лингвистикалық олимпиадаға (IOL) қатысуға жол ашады. APLO — оқушыларға халықаралық деңгейде өздерін сынап көруге және академиялық ортада таныла түсуге үлкен мүмкіндік береді.