​Қазақстандық әйел пластикалық операциядан кейін ақшасын өндіріп алды

0
88

2024 жылдың қазан айында жауапкер талапкерге ерін пластикасы операциясын жасап, қызметі үшін 120 мың теңге алған.


​Қазақстандық әйел пластикалық операциядан кейін ақшасын өндіріп алды

Фото: magnific.com

ERNUR.KZ. Қостанай қалалық соты сапасыз ерін пластикасынан зардап шеккен әйелдің талабын ішінара қанағаттандырды. Лицензиясы мен пластикалық хирург сертификаты жоқ азаматтан жәбірленушінің пайдасына 1,367 миллион теңге өндірілді, деп жазады stan.kz.
Қостанай қалалық соты сапасыз көрсетілген хейлопластика (ерін пластикасы) қызметіне қатысты азаматтық істі қарап, талапкердің пайдасына 1,3 миллион теңгеден астам қаражат өндіру туралы шешім шығарды.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында жауапкер талапкерге ерін пластикасы операциясын жасап, қызметі үшін 120 мың теңге алған. Ал алғашқы ота нәтижесіне көңілі толмаған талапкерге 2025 жылдың сәуірінде қосымша 90 мың теңгеге қайта операция жасалған.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында жауапкердің "Пластикалық хирургия" мамандығы бойынша сертификаты мен медициналық қызмет көрсетуге қажетті лицензиясы болмағаны анықталды.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, операция кезінде тіндердің шамадан тыс алынуы салдарынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация пайда болған. Сарапшылар жүргізілген хирургиялық араласулар мен келтірілген зиянның арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін көрсетіп, денсаулыққа келтірілген зиянды орташа ауырлықтағы зиян деп бағалады.

Сот жауапкердің тиісті білімі мен лицензиясы болмай тұрып медициналық қызмет көрсеткенін және медициналық құжаттарды рәсімдемегенін ескеріп, талапты ішінара қанағаттандырды.
Сот шешімімен талапкердің пайдасына операциялар үшін төленген 210 мың теңге, моральдық зиян үшін 700 мың теңге және сот сараптамасына жұмсалған 457 мың теңге өндірілді. Жалпы өндірілген сома 1 миллион 367 мың теңге болды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 4 сәуірде Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов липосакция жасату үшін жекеменшік клиникаға жүгінген. Жұбайының айтуынша, операция кезінде наркоздан кейін оның қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, науқас комаға түскен. Ол жедел түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізіліп, бір ай бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдағанымен, 5 мамыр күні көз жұмды.
Осы оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті жоспардан тыс тексеру жүргізіп, клиника жұмысынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, тексеру барысында Ербол Айтуовтың II типті қант диабетімен ауыратыны және диспансерлік есепте тұрғаны белгілі болған. Соған қарамастан, оған операция алдында эндокринолог пен терапевтің қосымша кеңесі ұйымдастырылмаған, операцияға дейінгі дайындық пен тәуекелдерді бағалау талапқа сай жүргізілмеген. Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты клиникаға нұсқама беріліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.
Сондай-ақ биыл мамыр айында Алматыдағы пластикалық хирургия клиникаларының бірінде блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан да липосакцияда көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті бұл клиникада 2020 жылы да дәл осындай операциядан кейін адам өлімі тіркелгенін мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, сол кездегі тексерістерден кейін медициналық мекеме пластикалық операция жасау лицензиясынан айырылған. Алайда кейін басқа заңды тұлға ретінде қайта тіркеліп, атауын өзгерткен соң жаңа лицензия алып, сол мекенжайда жұмысын жалғастырған.
Осы екі резонансты жағдайдан кейін Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін медициналық ұйымдарға бақылауды күшейтетінін хабарлады. Министрлік алдағы уақытта жоспардан тыс тексерулерді көбейтіп, клиникалардың лицензиялық талаптарға сәйкестігін, медициналық жабдықталуын және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бақылауды күшейтпек.