Қазақстанда Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі іске қосылады

0
138

Вице-министрдің айтуынша, жүйені гидробекет деректерімен және Tasqyn платформасымен ықпалдастыру болжамдардың дәлдігін арттырып, ықтимал су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді.


Қазақстанда Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі іске қосылады

ERNUR.KZ. Су қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің алдында су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ғана емес, су ресурстарын неғұрлым дәл есепке алу және басқару үшін заманауи цифрлық құралдарды енгізу міндеті де тұр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ведомствоның вице-министрі Аслан Абдраимов мәлімдеді.

«Біз үшін су саласын цифрландыру – бұл жекелеген бағдарламаларды енгізу немесе құжаттарды электрондық форматқа көшіру ғана емес. Бұл суды есепке алу, болжау, су пайдаланушылармен өзара іс-қимыл жасау, ирригациялық арналарды автоматтандыру, ғарыштық мониторинг және жасанды интеллектіні қолдануды қамтитын кешенді жұмыс», – деп атап өтті вице-министр.

Спикердің айтуынша, Ұлттық су ресурстарының ақпараттық жүйесі цифрлық трансформацияның негізгі элементі болады. Платформа су объектілері, су қоймалары, арналар, гидротехникалық құрылыстар, жерасты сулары және су пайдаланушылар туралы деректерді біріктіреді.

«Жүйе өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге дайындықтың соңғы кезеңінде тұр. Бір ай ішінде қажетті рәсімдерді аяқтап, жүйенің толыққанды іске қосылуын қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – деді Аслан Абдраимов.

Сонымен қатар министрлік су пайдаланушылармен, оның ішінде фермерлермен өзара іс-қимылды цифрландыру жұмыстарын жүргізуде. Өтінім беруден бастап шарт жасасу мен қызметтерге ақы төлеуге дейінгі негізгі процестер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшірілуде.

Сондай-ақ су тұтыну мен су ресурстарын болжау жүйесі дамып келеді. Осы мақсатта министрлік БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлесіп, гидрологиялық процестерді модельдеуге, су қоймаларына келетін су ағынын болжауға, сондай-ақ су тасқыны мен су тапшылығы тәуекелдерін бағалауға мүмкіндік беретін TALSIM-NG бағдарламалық кешенін бейімдеуде.

Вице-министрдің айтуынша, жүйені гидробекет деректерімен және Tasqyn платформасымен ықпалдастыру болжамдардың дәлдігін арттырып, ықтимал су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету мүмкіндігін күшейтеді.