2026 жылғы маусымда Қазақстанда 4 447 заңды тұлға тіркелді.
ERNUR.KZ. 2026 жылдың маусым айында Қазақстанда 4447 жаңа заңды тұлға тіркеліп, кейінгі үш жарым жылдағы ең жоғары айлық көрсеткішке жетті. Оның жартысына жуығы шетелдік меншік нысанындағы компаниялар, деп жазады stan.kz.
2026 жылғы маусымда Қазақстанда 4 447 заңды тұлға тіркелді. Бұл – 2022 жылдың қарашасынан бергі ең жоғары айлық көрсеткіш. Мамырмен салыстырғанда жаңа компаниялар саны шамамен 31%-ға, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44%-ға артқан.
Жаңадан тіркелген кәсіпорындардың шамамен жартысы шетелдік меншік нысанындағы компаниялар. Бір ай ішінде мұндай 1955 заңды тұлға тіркелген. Бұл мамыр айындағы көрсеткіштен 49%-ға, ал өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 4,2 есеге көп. Сарапшылар мұны аталған көрсеткіш бойынша тарихи рекорд деп бағалап отыр.
Сонымен қатар 2476 жаңа заңды тұлға немесе жалпы тіркелгендердің 55,7%-ы жекеменшік нысанында құрылған. Ал мемлекеттік меншікке жататын ұйымдар саны небәрі 16 болып, жалпы көлемнің 0,4%-ына да жетпеген.
Жаңа компаниялардың басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген. Маусым айында мұнда 2375 заңды тұлға немесе республика бойынша барлық тіркеудің 53,4%-ы рәсімделген. Оның 1 695-і шетелдік меншік нысанындағы компаниялар.
Астанада бір ай ішінде 777 жаңа компания тіркеліп, жалпы көрсеткіштің 17,5%-ын құрады. Осылайша, елдегі барлық жаңа заңды тұлғалардың 70%-дан астамы Алматы мен Астанаға тиесілі болған.
Тіркелген 4447 кәсіпорынның 4440-ы шағын бизнес субъектілері санатына жатады.
Бірқатар компанияның жабылуы немесе бизнес-тізілімінен шығарылуына байланысты елдегі заңды тұлғалардың жалпы саны 4 447-ге емес, 2 161-ге ғана көбейді. Осылайша, олардың саны 550 021-ден 552 182-ге жетті. 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 443 970 жұмыс істеп тұрған заңды тұлға бар.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанға тартылған жалпы тікелей шетелдік инвестиция көлемі 25 млрд долларға жетіп, 14,4%-ға артқаны хабарланған еді. Алайда қайта инвестицияланған пайданың басымдығына байланысты елге келген таза шетелдік инвестиция көлемі 0,9 млрд доллар теріс көрсеткішке түскен. Осы мәселе Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттардың талқысына шығарылды.


