Қазақстанда теміржол вокзалдарын қайта жаңарту және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асыру жалғасуда.
Вокзалдардың шамамен 70 пайызы 30 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеусіз пайдаланылып келген. Бүгінде 121 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыстар белсенді кезеңде: 36 вокзалда қайта жаңарту жұмыстары аяқталды, оның ішінде 19 нысан 2025 жылы, 17 нысан 2026 жылдың бірінші тоқсанында аяқталды. Тағы 46 вокзалда жұмыстар аяқталу сатысында.
2025 жылы Жақсы, Курорт-Бурабай, Макинка, Шортанды, Ұзын-Ағаш, Шамалған, Сағыз, Мақат, Талдықорған, Ақши, Теміртау, Айса, Құшмұрын, Аманқарағай, Талап, Қазалы, Бозшакөл, Тайынша және Жаңаесіл станцияларында жұмыстар аяқталды.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Семиглавый Мар, Мырза, Сарышаған, Көктұма, Ағадыр, Қарағанды-Сұрыптау, Жаңақорған, Шиелі, Жетісу, Қарасор, Тобыл, Қалқаман, Доссор, Қызылжар, Саумалкөл, Жалтыр және Аққыстау станцияларында қайта жаңарту аяқталды.
Қалған нысандардағы жұмыстарды ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Жаңғырту нәтижесінде жолаушылар заманауи күту залдарына, жаңартылған навигация және ақпараттандыру жүйелеріне, сондай-ақ жетілдірілген инженерлік шешімдерге қол жеткізеді. Бұл еліміздің теміржол инфрақұрылымын халықаралық стандарттарға сай келетін қауіпсіз әрі жайлы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.


