Қазақстанда робот-ит полицияға көмектесе бастады

0
203

Робот-ит жұмысының нәтижесі бірден байқалған.


Қазақстанда робот-ит полицияға көмектесе бастады

Бейнеден кадр / әлеуметтік желілер

ERNUR.KZ. Қазақстанда алғаш рет жаппай іс-шара кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмысына жасанды интеллектімен жабдықталған робот-ит тартылды. Қарағанды облысының полициясы оны Металлургтер күніне арналған мерекелік іс-шараларда пайдаланды, деп жазады tengrinews.kz.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, 17–18 шілдеде Балқаш пен Теміртауда 115 мыңнан астам адам қатысқан мерекелік іс-шаралар өтті. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылып, жеке құрам күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.

"Басты технологиялық жаңалық – жасанды интеллект жүйесімен жабдықталған және полицияның ақпараттық базаларымен біріктірілген қызметтік робот-ит болды. Ол нақты уақыт режимінде полицияның назарына іліккен тұлғаларды тани алады, бұл әрекет ету жеделдігін және құқық бұзушылықтың алдын алу тиімділігін айтарлықтай арттырады", – деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.

Робот-ит жұмысының нәтижесі бірден байқалған. Қызмет барысында оның көмегімен төрт адам анықталды. Олардың арасында алимент төлеуден жалтарып жүрген азамат, екі борышкер және сот белгілеген шектеуді бұзып, тұрғылықты мекенжайынан тыс жерде жүрген бұрын сотталған ер адам бар.

Анықталған азаматтарға қатысты полиция қызметкерлері заңда көзделген шараларды қабылдады.

Полицейлер балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлді. Мыңдаған адамның арасынан адасып кеткен 3 пен 17 жас аралығындағы 87 бала табылып, ата-аналарына тапсырылды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, роботтандырылған технологияларды пайдалану – Қазақстан полициясын цифрландыру бағытындағы кезекті қадам.

"Заманауи шешімдер қоғамдық тәртіпті сақтау тиімділігін арттырып қана қоймай, азаматтардың қауіпсіздігін сапалы жаңа деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп толықтырды баспасөз қызметі.

Полиция департаменті Балқаш пен Теміртау тұрғындары мен қонақтарына қоғамдық тәртіпті сақтап, заң талаптарына жауапкершілікпен қарағаны үшін алғыс білдірді.

Бұған дейін Қазақстанда алаяқтардың "ескі банкноттарды жаңасына айырбастау" деген сылтауды қайта қолдана бастағаны хабарланған еді. Мәселен, Қарағандыда өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған екі әйел келгеннен кейін 94 жастағы зейнеткер бір миллион теңгесінен айырылған.