Мемлекет басшысының өндірістің толық циклын құру жөніндегі тапсырмасы аясында 2024 жылдан бері етті мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізу бойынша 5 жоба іске асып жатыр.
ERNUR.KZ. Олардың арасында жайылымдарды ротациялық пайдалану, малды жем-шөппен қамтамасыз ету, соңғы бордақылау кезеңінде арнайы құрама жемдерді беру, сондай-ақ құрама жем және қайта өңдеу кәсіпорындарын дамыту жобалары бар. Бұл шаралар өндіріс шығынын төмендетуге және 50 мың тоннаға дейін ет экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, импортты алмастыру саясаты шеңберінде өнеркәсіптік құс фабрикаларын салу жалғасып жатыр.
«Соңғы жылдары жалпы қуаттылығы 70 мың тонна құс етін құрайтын 6 құс фабрикасы пайдалануға берілді. Осындай жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз ету деңгейін 58%-дан 79%-ға дейін жеткізу мүмкін болды. Сонымен қатар айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несиелеу тетігін іске қосу арқылы өндіріс көлемін 360 мың тоннадан 505 мың тоннаға дейін жеткізіп, қолданыстағы өндірістік қуаттарды толық пайдалану мүмкіндігі бар. Қолдаудың бұл түрі Аграрлық несие корпорациясы желісі бойынша кешеден бері көрсетіледі», – деп хабарлады Аманғали Бердалин.
Сондай-ақ ол 2026–2028 жылдары жиынтық өндіріс көлемі 241 мың тоннаны құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Мәселен, 2026 жылы жалпы қуаттылығы шамамен 50 мың тонна болатын 4 құс фабрикасы ашылады. Нәтижесінде келер жылы құс етімен қамтамасыз ету деңгейі 90%-ға жетеді, ал 2027 жылы ел тұрғындарын толық қамтамасыз етуге қол жеткізіледі.
Вице-министр сүт өндіру саласында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жалпы қуаттылығы 352 мың тонна болатын 63 сүт-тауар фермасы салынғанын хабарлады. Жыл соңына дейін тағы екі сүт-тауар фермасын ашу көзделген. Қалған 43 жоба құрылыс кезеңінде тұр және 2026 жылға дейін аяқталады. Бұл жобалар сүт өндірісін 600 мың тоннаға арттырып, ішкі сұранысты толық жабуға мүмкіндік береді.


