Қазақстанда алғаш рет адам саудасымен күрес туралы заң қабылданды

0
662


Қазақстанда алғаш рет адам саудасымен күрес туралы заң қабылданды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Адам саудасына қарсы күрес туралы" заңға қол қойды, деп жазады Stan.kz.


Қылмыстық кодексте "адам саудасымен байланысты қылмыстар" деген жаңа ұғым пайда болды. Олардың ішіне: адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам саудасы және жезөкшелікке тарту кіреді. Адам саудасымен күрес жөніндегі арнайы заң осы қылмыстың құрбаны болған қазақстандықтарды қорғау мен әлеуметтік қолдауды қамтамасыз етеді.

"Заң алғаш рет қабылданып, адам саудасына қарсы күрестің ұйымдық-құқықтық негіздерін жан-жақты айқындайды. Ол адам саудасына қарсы іс-қимылдың мақсаттары мен міндеттерін, қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да субъектілердің адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі құзыретін айқындайды", — делінген хабарламада.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс те жаңа баппен толықтырылып жатыр. Балаларды, оның ішінде жаңа туған нәрестелерді сату фактілеріне қарсы тұру үшін 135-1 "Лауазымды тұлғалардың жаңа туған нәрестені тастап кету, жетім балаларды және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қабылдау және жеткізу фактілері туралы хабарламауы" туралы бап пайда болды.

Сондай-ақ мемлекет басшысы "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне адам саудасына, бұзақылыққа және бөтеннің мүлкіне зиян келтіруге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

"Қылмыстық кодексте адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды саудалау, жезөкшелікпен айналысуға тарту және басқа да қауіпті әрекеттерді қамтитын "адам саудасымен байланысты қылмыстар" деген жаңа ұғым бекітілді. Мұндай қылмыстарды жасағаны үшін татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға тыйым салынады", - делінген хабарламада.

Сонымен қатар жаңа заңда "кәмелетке толмаған адамнан жезөкшелікпен айналысу немесе жыныстық сипаттағы қызмет алу" үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Заң кәмелетке толмаған адамды сексуалдық қызмет көрсетуге, соның ішінде үгіт-насихат немесе жарнама арқылы тартуды да қылмыстық жауапкершілікке тартады.