Қазақстанда адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

0
99

​Бірақ бұл тыйым шенеуніктерге қатысты емес.


Қазақстанда адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге тыйым салынуы мүмкін

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

ERNUR.KZ. Елімізде адамдарды рұқсатсыз фото-видеоға түсіруге тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Министрдің айтуынша, осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылып жатыр.

«Біз адамдарды рұқсатсыз әр жерде суретке түсіре беруге шектеу қою мәселесін қарастырып жатырмыз. Әрине, қызметтік міндетін атқарып жүрген лауазымды тұлғалар, мемлекеттік қызметшілер бар, біз оған үйреніп кеттік. Бірақ пранк түсіретіндер, рұқсатсыз жүргізілетін жеке түсірілімдер бар. Осы норманы сіздермен бірге талқылаймыз», – деді Балаева Сенат кулуарында.

Журналистер одан бұл норма шенеуніктерді қорғау үшін жасалып жатқан жоқ па деп сұрады.

«Біз ол жағдайға баяғыда үйреніп кеттік. Біздің жеке өміріміз де, туыстарымыз да жоқ, өйткені қайда барсақ та бізді бәрібір түсіреді. Бірақ біз де осы елдің азаматымыз. Сондықтан бұл шенеуніктерге қатысты мәселе емес, жалпы осы саланы реттеу туралы. Сондықтан бұл ұсынысты бірге талқылайық», – деді министр.