Былтырғы жылы қазақстандық бидай тасымалы 1,2 млн тоннаға жетті.
фото: Акорда
ERNUR.KZ. Қазақстан Тәжікстанға 1 млн тоннадан астам астық жеткізуге дайын, деп жазады sputnik.kz.
Бұл туралы Астанада "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" мен Тәжікстанның мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі өкілдерінің кездесуінде айтылды.
Жиында Қазақстанның Тәжікстанға дәстүрлі бидай мен ұнның негізгі жеткізушісі екенін айтылды. Бұл елде ішкі өндіріс қажеттіліктің 40%-ын ғана қамтиды. Былтырғы жылы қазақстандық бидай тасымалы 1,2 млн тоннаға жетті, бұл соңғы бес жылдағы рекордтық көрсеткіш деуге болады.
Осы жылғы маусымда Тәжікстан 1,3 млн тоннаға дейін астық өнімдерін импорттауды жоспарлап отыр.
"Біздің ынтымақтастығымыздың болашағы зор, өйткені азық-түлік қауіпсіздігі кез келген мемлекет үшін әрқашан алдыңғы орында тұрады. Біз тек астық қана емес, сонымен қатар ұн мен күнбағыс майын жеткізуге де мүдделіміз", — деді тәжік агенттігінің директоры Нурмахмад Ахмадзода.
Сондай-ақ корпорация өкілдерін Душанбе қаласында астық сақтау инфрақұрылымымен танысуға және жаңа элеваторлар мен қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға қатысу мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Өз кезегінде "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" өкілі ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
"Біз өз тарапымыздан жеткізудің қолайлы тетіктерін ұсынып, Тәжікстанға астық пен тиісті азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етуге дайынбыз", — деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов.
Кездесу қорытындысында қос тарап ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қолдай отырып, алдағы уақытта астық жеткізу бойынша келісімшартқа қол қою мәселесін тағы бір мәрте пысықтамақ.


