Апат салдарынан ұшақтағы бүкіл экипаж көз жұмды.
Ашық дереккөзден
ERNUR.KZ. Қазақстан шекарасына жақын аумақта болған әуе апаты салдарынан ұшқыш пен екі курсант қаза тапты, деп жазады ulysmedia.kz.
Ресейдің Орынбор облысындағы Орск қаласы маңында оқу-жаттығу ұшуы кезінде Diamond DA40 үлгісіндегі оқу ұшағы құлаған. Қайғылы жағдай туралы ақпаратты Росавиация ресми түрде растады.
Апат салдарынан ұшақтағы бүкіл экипаж көз жұмды. Қаза тапқандар — 36 жастағы ұшқыш және 20 мен 21 жастағы екі курсант.
АЛДЫН АЛА СЕБЕП
Алдын ала мәліметке сәйкес, ұшақ ауада тепе-теңдігін жоғалтып, басқаруға келмеген. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдай ұшақтың жылдамдығы тым азайып кеткенде болады, сол сәтте ол көтерілмей, төмен қарай құлай бастайды.
Ұшу ісінің сарапшыларының айтуынша, мұндай жағдайлар көбіне ұшқыш қате жіберген немесе төмен биіктікте маневр жасау кезінде туындайды.
Апаттың нақты себептері анықталып жатыр, тиісті тексеру басталған.


