Қазақстан пойыздарында ұшақтағыдай тамақтану жүйесі енгізілуі мүмкін

0
175

Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов Астанадағы "Нұрлы жол" вокзалында өткен жиында мәлімдеді.


Қазақстан пойыздарында ұшақтағыдай тамақтану жүйесі енгізілуі мүмкін

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

ERNUR.KZ. Қазақстанда жолаушылар пойыздарындағы тамақтану қызметін жаңарту жоспарланып отыр, деп жазады inbusiness.kz.

Жаңа жүйе бойынша тағамдар шағын порциямен ұсынылып, жолаушыларға қосымша асқа тапсырыс беру мүмкіндігі беріледі.

Әнуар Ахметжановтың айтуынша, ұлттық тасымалдаушы ұшақтардағы тамақтану үлгісіне ұқсас жүйені енгізуді қарастырып жатыр. Тағамдар жолаушыларға ыңғайлы форматта ұсынылады, ал қалағандар қосымша порцияға тапсырыс бере алады.

Бұдан бөлек, пойызда келе жатып, жеткізу қызметтері арқылы өзіне қажетті тағамды тапсырыс беру мүмкіндігі де қарастырылуда.

Компания өкілінің сөзінше, мұндай қызметтерді дамытуға пойыздарда спутниктік интернеттің іске қосылуы жол ашады. Жолаушылар жол үстінде тамаққа тапсырыс беріп қана қоймай, межелі станцияға жетпей тұрып такси шақырып, өзге де онлайн қызметтерді пайдалана алады.

"Интернет біз үшін түпкі мақсат емес. Бұл – жаңа қосымша қызметтерді дамытудың негізі. Қозғалыстағы пойызда тұрақты цифрлық байланыстың болуы бұрын болмаған мүмкіндіктерге жол ашады", – деді Әнуар Ахметжанов.

Әзірге пойыздарда ұшақтағыдай тамақтану жүйесі нақты қай уақытта енгізілетіні хабарланған жоқ.