Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр

0
107

Астанада педагогтерге арналған тамыз конференциясы өтті.


Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр

Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

ERNUR.KZ. Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының пленарлық отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Ұстаздың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау үшін белсенді жұмыс атқарылып жатыр. "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылданды. Биыл бұл заңға толықтыру енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді. 5 қазан күні ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Мемлекеттік марапаттар тізіміне "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілді. Бұл мәртебелі наградамен марапатталған тұлғаларға қомақты сыйақы беріліп жатыр. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім марапатталды.

Басқа да лайықты ұстаздар мемлекет назарынан тыс қалмай, осы құрметті атаққа ие болары күмәнсіз. Соңғы үш жылда еліміздегі 3 мұғалімге ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы берілді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, бұл ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екені сөзсіз.

"TALIS-2024 (The OECD Teaching and Learning International Survey) зерттеуінің нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші жөнінен екінші орында тұр. Сондай-ақ ұстаздардың еңбекақыға қанағаттану өлшемі бойынша еліміз әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, ұстаздардың 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан. Ал 80 пайызы осы мамандықты қайта таңдауға дайын екенін жеткізген. Баршаңызға зор алғыс!", – деді Мемлекет басшысы.