Тағы бір науқас орташа күйік шалумен түсіп, комбустиология бөлімінде ем алады.
Фото: видеодан алынған кадр
ERNUR.KZ. Оқиға 22 қаңтар күні Ермеков көшесінде болған. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, киоск ішінде тұрған көлемі 17 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасы жарылып, артынан өрт шыққан, деп жазады inbusiness.kz.
"Оқиға салдарынан күйік белгілері бар төрт адам зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп хабарлады Қарағанды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Төтенше жағдай салдарынан сауда нысанының ішкі және сыртқы қаптамасы, жиһаздары мен тұрмыстық техникасы зақымданды. Жалынның таралу аумағы шамамен 30 шаршы метрді құрады. Қауіптің ұлғаюына жол бермеу үшін көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллоны жедел түрде сыртқа шығарылған.
Денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, үш пациент жансақтау бөліміне жатқызылды. Олардың жағдайы ауыр деп бағалануда.


