Сот отырысында судья Жаңылсын Шамұратова айыпталушының кінәсін мойындағанын, бұрын сотталмағанын және Ауған соғысы ардагері екенін ескерді.
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform
Кәсіпкер Сергей Камаев жол қозғалысы ережесін бұзып, абайсызда өлімге себепкер болғаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар ол 5 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Айыпталушы 2024 жылдың қыркүйегінен бері қамауда отыр. Заңнамаға сәйкес, тергеу изоляторында өткізген әрбір екі күні бір күнге теңестірілетіндіктен, оның нақты өтейтін мерзімі шамамен алты айды құрайды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейрамғали Мұрзалиев үкімге көңілі толмайтынын, бұл шешімге қатысты шағым жолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тағайындалған жаза тым жеңіл, ал заң бойынша ең жоғарғы мерзім — бес жылға дейін. Бұл жағдай жазадан жалтаруға болады деген түсінік қалыптастыруы мүмкін дейді ол. Сонымен бірге, адвокат соттың кейбір зардап шеккендерді жәбірленуші деп танудан бас тартқанын әділетсіз шешім деп бағалады.