Қарағанды облысындағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

0
104

Жарылыстан екі адам қаза тауып, 11 адам зардап шеккен.


Қарағанды облысындағы жарылыс: зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Мойынты стансасындағы дәмханалардың бірінде газ баллонының жарылуы салдарынан зардап шеккендердің жағдайы белгілі болды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі жарақат алған. Жедел қызметтердің мәліметінше, зардап шеккендер шұғыл түрде аудандық ауруханаға жеткізілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта стационарда 10 адам ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер олардың тоғызын орташа ауыр жағдайда деп бағалап отыр. Бір науқастың жағдайы тұрақты ауыр деп танылып, ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Тағы бір адам медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілген.

Еске сала кетейік, газ баллонының жарылысы бір қабатты ғимаратта болып, салдарынан шамамен 200 шаршы метр аумақты өрт шарпыған. Ғимараттың жабындары мен шатыры опырылып түскен. Өрт толық сөндірілгеннен кейін құтқарушылар үйінділерді тазалау жұмыстарына кіріскен.

Алдын ала мәлімет бойынша, төтенше жағдайдың себебі газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуы, соның ішінде тұрмыстық газ баллондарын қолдану болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын мамандар анықтап жатыр.