Израильдік компания Атырау өңірінде битум зауытын салады

0
94

Бұл туралы "Kazakh Invest" ұлттық компаниясы хабарлады.


Израильдік компания Атырау өңірінде битум зауытын салады

Фото: t.me/PressKazakhInvest

ERNUR.KZ. Инвестициялық келісімге Астанада өткен Қазақстан-Израиль бизнес-форумында қол қойылды, деп жазады inbusiness.kz.

Елордада ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саардың қатысуымен Қазақстан–Израиль бизнес-форумы өтті. Оған 30-дан астам израильдік компанияның өкілдері қатысты.

Шара Израильдің сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға ресми сапары аясында ұйымдастырылып, екі ел компаниялары арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және іскерлік байланыстарды дамыту мәселелерін талқылауға арналған негізгі алаңға айналды.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыровтың айтуынша, өткен жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 162 млн долларды құраған.

"Қазақстан мен Израиль көптеген бағыттар бойынша бірін-бірі толықтырады – аграрлық технологиялар мен азық-түлік қауіпсіздігінен бастап цифрлық шешімдер мен су ресурстарын басқаруға дейін. Біз бірлескен жобаларды іске қосуға, жаңа өндірістік тізбектер құруға және ұзақ мерзімді серіктестіктер қалыптастыруға мүдделіміз. Қазақстан израильдік бизнеске тұрақты, ашық және болжамды инвестициялық ортаны ұсынуға дайын", – деп мәлімдеді министрдің орынбасары Әлібек Қуантыров.

Форум аясында Атырау облысында битум зауытының құрылысына инвестициялық шартқа қол қойылды. Жоба ішкі нарықты битуммен қамтамасыз етіп, өңірде жаңа жұмыс орындары ашылады.