Қазір Android операциялық жүйесі орнатылған мобильді құрылғыларға зиянды бағдарламы орнатылып, тарату жағдайлары тіркеліп жатыр.
Видео кадры
ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі азаматтардың смартфондарына зиянды қосымшаларды орнату арқылы қашықтан қол жеткізетін алаяқтық схема туралы ескертті. Бұл негізінен Android негізіндегі құрылғыларға қатысты, деп жазады tengrinews.kz.
ІІМ мәліметінше, қазір Android операциялық жүйесі орнатылған мобильді құрылғыларға зиянды бағдарламы орнатылып, тарату жағдайлары тіркеліп жатыр.
Қаскөйлер бірнеше тәсіл қолданады. Олардың қатарында - мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы фишинг сілтемелер тарату, жалған мобильді қосымшаларды тарату, сондай-ақ, фотосурет, видео немесе құжат түрінде зиянды файлдарды жіберу.
Сонымен қатар, алаяқтар мемлекеттік органдар, банктер және жеткізу қызметтері атынан хабарламалар жолдайды. Олар азаматтарға әртүрлі ұйымдардың қызметкері ретінде қоңырау шалып, акцияларға немесе ұтыс ойындарына қатысу сылтауымен қосымшаны орнатуға көндіреді.
Осындай бағдарлама орнатылғаннан кейін қылмыскерлер құрылғыға қашықтан қол жеткізеді. Бұл шоттардан қаражат ұрлануына, онлайн-несиелер рәсімделуіне, жеке деректер мен хат-хабардың жария болып кетуіне, сондай-ақ, телефонның бұғатталып, оны ашу үшін ақша талап етілуіне әкелуі мүмкін.
Ведомство үшінші тұлғалардың өтініші бойынша қосымшаларды орнатпауға, SMS-тен келген кодтарды хабарламауға және күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді.
Сондай-ақ, қосымшалардың сұрайтын рұқсаттарын мұқият тексеру, антивирус бағдарламаларды пайдалану және банк операциялар туралы хабарламаларды қосуды ұсынады.
Мамандар телефонда қауіпті бағдарламаның ықтимал белгілері ретінде батареяның тез таусылуын, құрылғының қызып кетуін және таныс емес қосымшалардың пайда болуын атайды.
Егер жұқтыруға күдік болса, дереу интернетті өшіріп, банкпен байланысып, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.


