Бұдан бөлек, енді қаржы ұйымының кінәсі немесе алаяқтық фактісі дәлелденсе, алаяқтар рәсімдеген несиелер үшін банктер жауапты болады.
Ulysmedia.kz коллажы
ERNUR.KZ. 2026 жылғы 19 наурыздан бастап «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді, деп жазады ulysmedia.kz.
Негізгі жаңалықтардың бірі – енді банктерге қолданыстағы несиесі бойынша 30 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаларға қарыз беруге тыйым салынады. Бұған дейін төлемді 90 күннен көп төлемеген жағдайда несие берілмейтін. Жалғыз ерекшелік – қарызды неғұрлым тиімді шарттармен қайта қаржыландыру жағдайлары. Сондай-ақ банктерге биометриялық сәйкестендірусіз жеке тұлғалармен онлайн келісімшарт жасасуға тыйым салынды.
Бұдан бөлек, енді қаржы ұйымының кінәсі немесе алаяқтық фактісі дәлелденсе, алаяқтар рәсімдеген несиелер үшін банктер жауапты болады. Қарыз алушы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп танылған жағдайда, несие бойынша берешек есептен шығарылуы немесе ұсталған қаражат қайтарылуы мүмкін.
Тағы бір шектеу бұрын банкроттық рәсімінен өткен азаматтарға қатысты енгізілді.
– Банк қарыз алушыға қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі немесе сот банкроттығы рәсімі аяқталғаны туралы хабарландыру жарияланған күннен бастап бес жыл ішінде жеке тұлғаға банктік қарыз беруге құқылы емес. Сондай-ақ банк төлем қабілетін қалпына келтіру жоспары орындалып жатқан кезеңде жеке тұлғаға банктік қарыз бере алмайды. Бұдан бөлек, мұндай қарыз алушыдан банктік қарыз шарты бойынша кепіл және (немесе) кепілгерлік түріндегі қамтамасыз етуді қабылдауға да құқығы жоқ, – делінген жаңартылған құжатта.


